МТРА жаңалықтары

Шаһар тұрғыны кептер өсірумен айналысады

Жанға жайлы ісі – кептер өсіру. Қала тұрғыны Камиль Гайдиатулин көгершіндерді күтіп-баптаумен 60 жыл бойы айналысып келеді. Бүгінде 70-ке жуық құсы бар екен. Қанаттыларының барлығы асыл тұқымды. Біз осындай ерекше бағытты қолға алған зейнеткермен сырласып қайттық.

Әр адамның сүйікті ісі болады. Біреу бос уақытында өзен-көлге қармақ салады, екіншісі киім-кешек тігеді, үшіншісі аң аулайды. Ал Камиль Гайдиатулиннің хоббиі ерекше. 66 жастағы зейнеткер бала кезінен кептер өсірумен айналысады. Оған бұл істі әкесі үйретіпті.

Камиль Гайдиатулин – қала тұрғыны:

– Менің әкем құс өсірумен айналысты. Арасында көгершіндер де болды. Осы істің қыр-сырын әкемнен үйрендім. Кептер ұстағаныма – 60 жыл. Бұл – менің сүйікті ісім.

Сүйікті ісі мен құстары үшін зейнеткер аянбайды. Осыдан 2 жыл бұрын үйінің маңында қанаттыларға арнап орын салдырыпты. Іші жылы. Құрылысқа өз қалтасынан 500 мың теңгедей қаражат жұмсаған екен. Жалпы, бүгінде қарттың 70-ке жуық кептері бар. Олардың барлығы – асыл тұқымды.

Камиль Гайдиатулин – қала тұрғыны:

– Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерде көгершіннің сары, қоңыр, ақ түстісі бар. Олардың барлығы – сәндік кептерлер. Бұл құстарды жыл сайын түрлі байқау, көрмелерге, тіпті, Ресейге апарып, көпшілік назарына ұсынамын. Үйімде сайыстарда жеңіп алған грамота, медальдар жетерлік. Биыл да біраз іс-шараға қатысу керек едік. Бірақ, коронавирусқа байланысты олар кейінге шегерілді. Айта кетейін, мен көгершіндерімді ешкімге сатпаймын.

Зейнеткер көгершіндердің күтіміне ереше мән береді. Мәселен, әр жылдың күзінде түрлі инфекцияларға қарсы екпе салғызады. Нәтижесінде қанаттылар түшкіріп, жөтелмейді екен. Тағы қажетті жем-азық сатып алады. Оған жылына 30-35 мың теңге ақша жұмсайды.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Бұл қанаттыларды күтіп-баптау оңай. Күніне екі рет жем-суын беріп тұрсаңыз жеткілікті. Олар көбіне тары, бидай, шемішке мен жүгері жейді. Негізінен, бір көгершін 10-15 жыл өмір сүреді.

Камиль Гайдиатулиннің айтуынша, бір кептер бір маусымда 3 балапан шығарады. Балапанын бір апта өз сүтімен қоректендіреді екен. Бұл – көгершіндердің басқа қанаттылардан ерекшелігі.

Дана Сәлімқызы