Қоғам

СҚО-да 3,5 мыңға жуық жетім баспана кезегінде тұр

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3 жарым мыңға жуық жас бүгінде жергілікті әкімдіктерде баспана кезегінде тұр. Былтыр олардың тек 40-қа жуығы қоныс иесі атанған. Бұл ретте мәселе қалай шешілуде? Жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердегі пәтерлерге жетімдер үміт арта ала ма?

Татьяна Ахмадеева, Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Анам мен әпкемнің барын білемін. Әпкем туғаным емес, ал мамаммен осыдан шамамен 2 жыл бұрын кездестім. Ол алып кетемін, келіп тұрамын демеді. Өйткені, жағдайы жоқ. Қазір оның қайда жүргенін, тіпті, тірі ме екенін білмеймін.

Бәріне кінәлі – ішімдік. Таняның анасы арақтың тұтқынынан шыға алмады. Петропавлдағы балалар ауылының тәрбиеленушісі қазір 17-де. Кәмелет жақса толып, мекеме қабырғасынан жырақ кетер күн алыс емес. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде Татьяна пәтер кезегінде тұр. Тек кезектің қашан жететінін болжау қиын. Сондықтан, бойжеткен болашағын бүгіннен жоспарлап қойған.

Татьяна Ахмадеева, Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

-Бір сұрағанымда, пәтер кезегінде шамамен 1100-ші болып тұрсың деген еді. Жылжыдым ба, жоқ па – білмедім. 11-ші сыныпты бітірген соң оқуға түсемін. Жатақханада немесе жеткіншектер үйінде тұруды жоспарлап отырмын. Жасым 23-24-ке таяғанда баспаналы боламын деген үміттемін. Өйтпесе, өгей әпкемнен көмек сұрауға мәжбүр боламын.

Отбасылық үлгідегі балалар ауылында қазір 31 тәрбиеленуші өмір сүреді. Бірі – тұл жетім болса, екіншілерінен ата-анасы бас тартқан, енді бірінің әке-шешесі бар, бірақ олар бала тәрбиелеу құқығынан айырылған. Қаршасынан ананың алақаны, әкенің тәрбиесінен айырылған бұл балғындар 5 үйде жайғасқан. Тамақтарын өздері пісіреді, тұрғынжайларын өздері жуып-жинайды. Киім-кешек, азық түліктің бәрі мемлекет есебінен, ал тиісті жәрдемақылары ешқайсысының қолына берілмейді.

Кәмелетке толғасын тәрбиеленуші жетімдер үйінен шығарылады. Оқуға түскендері жатақханаға орналасады не шаһардағы жеткіншектер үйіне барады. Бүгінде мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 41 бойжеткен мен бозбала тұрады. Басты талап – бос сенделмеу, яғни білім алу не жұмыс істеу. Тек бұл мекемені 23 жасқа дейін ғана паналауға болады. Баспана проблемасы дәл осы кезде басталады.

Валерий Сартин – Жеткіншектер үйі директорының орынбасары:

– Бәрі баспанаға келіп тіреледі. Біздің мекемеден шыққанда, көбінің барар жері, басар тауы болмайды. Пәтер жалдау – асау өмірде арқасүйер ешкімі жоқ жастар үшін тым қымбат, ипотека рәсімдейін десе, банк шотындағы қаражат бастапқы жарнаға жетпей жатады. Ал пәтерке кезекті әлі күту керек.

Елена Султангереевадан 12 жасында туған анасы бас тартқан. Жасөсіпірім үшін бұл үлкен соққы болды. 21-ге енді толған бойжеткен осымен 4-ші жыл жеткіншектер үйінде тұрады. Пәтер кезегінде ол – 622-ші, ал 23 жастың ауылы алыс емес. Сондықтан, баспанасыз қалмаудың амалын Лена қазірден ойластыруда.

Елена Султангереева – Жеткіншектер үйінің тәрбиеленушісі:

– 23-те колледжі аяқтап, екінші дипломымды қолға аламын. Университетке түсіп, жатақханаға орналасуды жоспарлап отырмын. Оқу орнын тәмамдаған шақта баспаналы болу – мен үшін ең қуанышты сәттердің бірі болар еді.

Былтыр депутат Ирина Аронова мәжіліс мінберінен жеткіншектер үйінде тұру мерзімін 23 жастан 29-ға дейін ұзарту бастамасын көтерген еді. Ал кезегі келмегендерге мемлекет пәтер жалдау ақысын төлеп тұрса деген ұсыныс та тастады. Алайда, нақты шешім әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жетім не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3500-нан астам адам пәтер кезегінде тұр. Былтыр олардың 37-сі баспанаға қол жеткізген.

Серік Мұхамедиев – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Соңғы 3 жылда, яғни 2017 мен 19-шы жылдар аралығында, қоғамның әлжуаз топтарына облыс бойынша 647 пәтер берілді. Биыл бұл санаттағыларға арнап 8 тұрғын үйдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл – 903 пәтер. Олардың ішінде Петропавлдағы 93 пәтерлі 2 баспана, Явленка мен Бескөлде 27 және 50 пәтерлі екі үй жуық арада тапсырылады. Новоишимка селосындағы 50 пәтерлі баспана қолданысқа берілді.

Одан қалды, үйлер Сергеевка мен Булаево қалаларында да салынып жатыр. Жоғарыда аталған баспаналардан пәтер алудан жетімдер де үмітті. Бастысы – тиісті құжаттарды уақытылы тапсыру дейді шенділер.

Саят Ермек