Мәдениет

Петропавлда кілемдер көрмесі бастау алды

Алаша, түкті және тақыр кілем, оюланған. “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде көркімен көздің жауын алатын кілемдер көрмесі бастау алды. Келушілердің назарына 20-ға жуық ұлттық қолөнер бұйымы ұсынылған. Оның дені  өткен ғасырдың орта тұсында тоқылған екен.

Кілем – жайсаң төсеніш, ілсең сән. Кілем тоқу өнері осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болыпты. Өңірімізде он саусағынан өнер тамған, кілем тоқудың қыр-сырын меңгерген ісмерлер жиі кездеседі десек, артық болар. Дегенмен, баршылық. Қазақ аналарының өнерін ұмытпай, жаңғыртып жүрген жандардың бірі – Күлмай Даханқызы.Нәзікжанды бұл іске бала кезінен жақын екен. Аяулы анасы мен асыл әжесі үйретіпті. Бүгінде өзі де қанға сіңген өнерге шәкірттерін баулуда. Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Тұмар” үйірмесін ашқан, қыздарға кілем, алаша тоқудың қыр-сырын үйретіп жүр.

Күлмай Даханқызы – қолөнерші:

– Мына ағаш “тіреу ағаш” деп аталады. Ол жіптерді ажырату үшін пайдаланылады. Ал мына ағаш “сүйретпе” деп аталады. Жіптерді бір-біріне араласып кетпеске арналған құрал.

Қазақтың ұлттық төсеніштері тоқылу ерекшелігіне қарай түкті және тақыр, ал жасалған затына қарай жібек, масаты, сондай-ақ, қосалқы белгілеріне қарай шашақты, оқалы болып бөлінеді екен. Бүгінгі көрмеге осындай 20 шақты кілем қойылған. Мұндағы туындылар қазір тігіліп жатқан кілемдерден ерекше. Себебін, мұражай кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова түсіндірсін.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:

–  Бұл көрмеге қызмет бабымыздағы 13 жыл ішінде жиналған жәдігерлеріміз, тұрғындардың акция арқылы біздің мұражайға тапсырған кілемдері қойылған. Және де музей құрылғанда жиналған заттарды ұсынып отырмыз. Шын көңілдерімен, өз қолдарымен, мәнерлеп, оюлап, түрлі оюларды енгізе отырып, әжелеріміздің жасаған еңбектері. Біз осы еңбектерді жас ұрпаққа паш етуіміз керек.

Көрме 1 ай көлемінде жұмыс істемек. Кіру тегін.

Алтынай Қазиқан