Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге қысқа қажет көмір қорының 60 пайызы жеткізілген

Мамандардың жүргізген статистикасы бойынша солтүстікқазақстандықтар бір қыста 400 тонна көмір жағады екен. Бүгінде облысқа қажетті қара отын қорының 60 пайызы жеткізіліпті. Өткен жылы өңір тұрғындары көмірдің 1 тоннасын 10-16 мың теңге сатып алған екен. Биылғы баға қандай? Ауылдағы ағайынның қысқа дайындығы қалай?

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Қыркүйек айының ортасына да келіп жеттік. Қазір күн салқын. Әсіресе, түнде және таңертең ауа температурасы төмендейді. Сондықтан, ауылдағы ағайын от жағып, баспаналарын жылытып жатыр. Жерлестеріміз отынды ерте дайындап қойған.

Бескөл ауылының тұрғыны Марат Сатыбай былтыр үйіне ұзақ жанатын пеш орнатыпты. Заманауи қондырғы өте үнемді дейді. Бұрын ол қыста қарапайым пешке 10 тонна көмір салса, енді 5 тоннасын ғана жағады екен.

Марат Сатыбай – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Биыл отын-көмірдің бәрін уақытында дайындап алдым. Үйге 5 тонна Шұбаркөл көмірін түсірдім. Оның 1 тоннасын 14 мың теңгеге сатып алдым. Жыл сайын осы көмірді ғана аламын. Себебі, одан күл аз шығады. Қара отынды пешке таңертең және кешке саламын.

Бір жылыту маусымында солтүстікқазақстандықтар 400 тоннаға жуық көмір жағады. Қазіргі күні мамандар қара отынның 60 пайызын дайындап қойдық дейді. Айтуларынша жерлестеріміз көбінесе Шұбаркөл мен Майкүбі көмірін алады екен.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Жылыту маусымына дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінде бюджеттік мекемелердің барлығына 145 мың тонна көмір жеткізілді. Олар: мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар. Бұл шаруаны тамыз айында тындырып қойдық. Өңірдегі теміржол тұйықтарында қара отынның барлық түрі бар.

Мамандар ауылдағы ағайынға көмірді ертерек сатып алуға кеңес береді. Айта кетейік, қазіргі уақытта 1 тонна көмірдің бағасы 10 мен 16 мың теңгенің аралығында.

Бердімұрат Баймұқан