Білім

Биыл өңірде 107 білім беру нысаны жөндеу көрмек

Үстіміздегі жылы өңірдегі білім беру нысандарын жөндеуге ел қазынасынан 5 млрд теңге бөлінген болатын. Қомақты қаржыға өлкеміздегі 100-ден аса ғимарат қалыпқа келтірілген. Тізімде М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж бен Петропавл құрылыс экономикалық колледжі де бар.

Соңғы рет М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің жатақханасы 2014 жылы жөнделді. Сол кезде нысанның электр сымдары ауыстырылыпты. Ал биыл ауқымды шаруа атқарылды. Жаз айларында ғимараттың ішіндегі 138 бөлменің қабырғалары және төбелері сыланыпты, тегістеліпті. Тағы 31 ағаш терезе пластикке ауыстырылған, барлық жерге жаңа линолеум төселінген екен. Оған қоса шатыр да жаңартылған. Бұл іске жалпы 71 млн теңге бағытталыпты. Аина Ғазизова жатақханада 3 жыл тұрады. Студенттің айтуынша, оң өзгерістер байқалып жатыр.

Аина Ғазизова – М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– 3 жыл ішінде жатақханаға үйреніп кеттім. Мұнда барлық жағдай жасалған. Биыл бөлмеде әйнек пен линолеум ауыстырылды.

Биыл Петропавл құрылыс экономикалық колледжінің жатақханасы мен бірнеше корпусы да жөндеу көрді. Мұнда да қабырғалар мен төбелер сыланған, тегістелген, терезелер ауыстырылған, еденге линолеум төселген. Оқу бағдарламасына қажетті су жаңа құрылғылар да сатып алынды. Осының нәтижесінде болашақ аспазшылар даярланатын кондитерлік цех пайда болған.

Наталья Кельба – Петропавл құрылыс экономикалық колледжінің техникалық бөлімше меңгерушісі:

– Сатып алынған технологиялық құрылғылардың көмегімен ыстық тағамдар мен сусындарды әзірлеуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, көкөністер мен жемістерді әр түрлі формада кесуге болады. Сонымен қатар, цехқа арнайы өндірістік тоңазытқыш әкелінді. Онда тағамды сақтаймыз. Бұның бәрі болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.

Жалпы, биыл өңірде 7 колледж жөндеу көрген. Мектептер мен балабақшалар да қайта қалыпқа келтірілді. Іске ел қазынасынан 5 млрд теңге бөлінгені мәлім. Былтыр да осындай қаржы бағытталып, біраз шаруа атқарылған еді.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл өңірдегі 107 білім беру нысаны жөндеу көрмек. Оның 97-сі – мектеп, 7-еуі – колледж және 3-еуі – балабақша. Нысандардың басым бөлігінде шаруа мамыр айында бастау алды. Іс әрдайым тексеріліп тұрды. Олқылықтар анықталған жағдайда мердігерлерге ескерту жасалды.

Айта кетейік, жауапты шаруаның басым бөлігі тамыздың соңында аяқталды. Қазір 2 мектепте жөндеу жүргізіліп жатыр. Олардағы қайта қалыпқа келтіру жұмыстары келесі аптада аяқталуы тиіс.

Жанна Бисенова