Денсаулық сақтау

Соколовкада дәрігерлік амбулатория жөнделіп жатыр

Бастапқы медициналық көмек – жаңартылған ғимаратта. Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылында дәрігерлік амбулатория күрделі жөнделіп жатыр. Шамамен 40 жыл бұрын салынған ғимараттың ескіргені соншалық, оны медициналық мекеме деуге келмейтін. Ал қазір мақтанышпен айтуға болады.

Жас ұлғайған сайын ауру көбейді дейді Галина Сахарова. Қария 80-де. Денсаулығына байланысты басты мәселе – артериялдық гипертонИя. Сол себепті, өзі тұратын Соколовкадағы ақхалаттылар оны жақсы таниды, өйткені көмекке кейуана жиі жүгінеді.

Галина Сахарова, Соколовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Денсаулығым сыр бергенде жедел жәрдем шақырамын. Соңғы рет 5 минутта жетіп келді. Біздің дәрігерлер – кәсіпқой мамандар, адамгершіліктері де жоғары. Қызмет көрсету сапасына шағым жоқ.

Соколовкадағы амбулаторияға 60 шақырымдық радиустағы 7 бірдей ауыл қарайды. Барлығын қосқанда бұл – шамамен 4500 адам. Техникалық жабдықталуы жаман емес. Тіпті, флюорогафИя және стоматология кабинеттері жұмыс істейді, ал анализдерді тапсыру үшін жұртшылыққа қала асып, аудан орталығы Бескөлге бару қажет емес. Маман тапшылығы да жоқ. Мәселе тек медициналық мекеме ғимаратының әбден тозғанында. Ақхалаттылар қабырғалары жарылған, едені тесілген, суық нысанда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл түсінікті де, амбулатория 80-ші жылдары салынған.

Мамырдан бері амбулатория күрделі жөнделіп жатыр. Бәрі – “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасының арқасы. Жаңа еден, қызғылт сары түсті қабырғалар, әйнегі үш қабатты пластик терезелер – бұл оң өзгерістердің бір парасы ғана. Күндізгі стационардағы палаталар да, учаскелік дәрігерлердің кабинеттері де, зертхана да, дәліздер де түгелдей жөнделген, жылыту желілері де толықтай алмастырылыпты. Әзірге, мамандар науқастарды ауылдық мәдениет үйінде қабылдауда, ал жуық арада жаңартылған нысанға қайта көшеді. Ақ халаттылар енді жергілікті билік көлік мәселесін шешіп берсе жақсы болар еді дейді.

Елена Темирбулатова, Соколовка дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибедегі дәрігері, Қызылжар ауданы:

– 8 ауылдың бәрінде бір жедел жәрдем көлігінен бар. Бірақ, Соколовканың өзінде 4-ші санатты науқастарға қызмет көрсету үшін машина жетіспейді. Сондықтан, бір-екі жаңа көлік берілсе, шақыртуларға бару уақытын біршама қысқартар едік.

Жалпы, Қызылжар ауданына қарасты ауылдардағы медпункт, амбулатория, ФАП-тардың саны 60-қа жуықтайды. Биыл солардың 4-уі жөнделіп жатыр. Соколовка, Петерфельд пен Вагулинодағылары “Ауыл – ел бесігі”, ал Боголюбовадағысы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында қалыпқа келтірілуде.

Саят Ермек