Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-дағы 7 ауданда карантин шаралары енгізілді

Осы аптада өңірде  бірнеше елді мекенде құстардың қырылу жағдайлары тіркелген болатын. Бүгінде елордалық мамандар өлген қанаттылардан сынама алып, нәтижесін шығарды. Зерханалық зерттеуге сәйкес құстардың тұмауға шалдыққандары анықталды. Осы орайда өңірдің бірнеше ауданында карантин шаралары енгізілді.

Жоғары патогенді құс тұмауы. Мұндай диагноз өңіріміздегі 7 ауданның қанаттыларынан анықталды. Олар: Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Тайынша, Қызылжар мен Тимирязев аудандары. Тұмаудың одан әрі өршімеуі үшін республикалық қордан 900 мыңға жуық вакцина бөлініпті. Мамандардың айтуынша дәрі инфекция ошақтары анықталған жердегі және Ресеймен шекаралас аумақтағы құстардың барлығына егілетін болады. Сондай-ақ, құстары өлген тұрғындарға өтемеақы беріледі.

Марат Ыбыраев – СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы:

– Ветеринариялық мамандар комиссия құрып өлген құстарды тіркеп жатыр. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстар бойынша акті жасалады.

Тұмауды өршітпеу үшін аталған елді мекендерде карантин енгізіледі. Ережеге сай ауру пайда болған ошақтардан сыртқа құс етін, мамық пен қанат шығаруға тыйым салынды. Адамдардың жүріп-тұруы мен көліктердің қатынауы шектеледі. Сонымен қатар, ауруға шалдыққан құстар жойылатын болады. Бұл дерттің адамға жұғуы мүмкін бе? Оның жауабын санитар мамандардан білдік.

Толқын Каженова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

– Тұмау құстан адамға жұғады. Бірақ, ауру адамнан басқа кісіге жұғуы мүмкін емес. Бірақ, құс етінен тамақ дайындаған кезде мұқият болу қажет.

Мамандар тұмаудың пайда болу себебін тек топшылап отыр. Болжам бойынша инфекция үй құстарына жабайы қанаттылардан жұғуы мүмкін. Қазір тұмау тараған ошақтарда аурудың алдын алу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Ал карантин соңғы ауру тіркелген сәттен 21 күннен кейін алынып тасталады.

Бердимурат Баймухан