Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 22-ші маусымы ашылды

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 22-ші маусымы ашылды. Өнер ұжымы онлайн форматта көпшілікке «Шоқан» спектаклін ұсынды. Қойылым дүниеге келгеніне биыл 120 жыл толып отырған атақты халық жазушысы Сәбеңнің “Аққан жұлдыз” шығармасы негізінде сахналанды.

Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы. Алаштың аспанында жұлдыздай жарқ еткен ол бірнеше саланы меңгерді, артынан өшпейтұғын із қалдырды. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы үшін тау тұлғаның орны тым бөлек. Өйткені, тура 20 жыл бұрын негізі қаланған өнер ордасының шымылдығы С.Мұқановтың Мұхаммед Қанафия туралы жазған «Аққан жұлдыз» туындысымен ашылыпты. Ол кезде ғалымның образын мәдениет ошағының қазіргі директоры Біржан Жалғасбаев бейнелеген екен. Ал бүгін Біржан ағамыз Шоқанның әкесі Шыңғысты сомдауда.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Осыдан 20 жыл бұрын қойған спектакльді бүгінгі тағы “Шоқан” деп қойып отырмыз.Бұл – Шоқанның әкесі. Шыңғыс – тарихи тұлға. Сондықтан, бұл рөлге үлкен оймен, тереңдікпен келу керек.

Бүгін Шоқанның рөлі театр актері Айбол Қасымға бұйырыпты. Оның бойынан қобалжу сезімі байқалады. Себебі түсінікті. Ғалымның образын ашу, көпшілікке көрсету оңай шаруа емес.

Айбол Қасым – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Спектакльде Шоқанның жеке өмірі көп талқыланады. 3-4 ай көлемінде бұл спектакльге іштей дайындалдым. Көрерменге Шоқанның рөлін жақсы жағынан көрсетемін деген ойдамын.

Спектальде Шоқанның ағартушылық саладағы іс-әрекеттері көрсетіледі. Мәселен, ол қазақ балаларының сауатын ашады. Кішкентай ұл-қыздарды Омбыға жіберіп, оқытқысы келеді. Жеке өмірі де көрермен назарына ұсынылды. Мұхаммед Айжан есімді құлдың қызына ғашық болады. Бірақ, бойжеткен сері жігітке бұйырмайды.

Қос ғашықтың ортасына Шоқанның ата-анасы түсіп, ару құлдың қызы болғандықтан өмірлік жары еткізбейді. Бұған жігіт налып, өз ренішін білдіреді. Өзімізге жақсы мәлім, кезекті театр маусымының ашылуы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Қойылым да осы мерейтойға орай әзірленген. Қоюшы-режиссері – Фархад Молдағали.

Фархад Молдағали – қоюшы-режиссер:

– Спектакльге пандемияға дейін 1 ай дайындалған болатынбыз. Одан кейін де репетициялар болды.

Айта кету қажет, “Шоқан” тарихи драмасын құлағының мүкісі бар жандар да тамашалай алды. Жергілікті “SENSETIV” би тобы сахнада перфоманс әдісі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға қойылымның барысын түсіндіріп тұрды. 22-ші театр маусымында қасиетті қара шаңырақтың актерлері көрермендерге 7 спектакль ұсынбақшы. Олардың арасында Әл-Фарабидің – 1150, Абай Құнанбаевтің 175 жылдығына арналған туындылар да бар.

Алтынай Қазиқан