Құқық қорғау органдары

Облыс тұрғыны 10 тоннадан астам астық ұрлаған

Солтүстікқазақстандық астық сақтау қоймасынан 10 тоннадан астам өнім жымқырған.

Мұндай заңбұзушылыққа Шал ақын ауданындағы серіктестіктердің бірінде келісім-шарт бойынша еңбек еткен жүргізуші барып отыр. Ол жалпы құны 800 мың теңгені құрайтын ырыздықты ұрлапты. Алтын дәннің жетіспейтіндігін кәсіпорын директоры байқаған. Басшы бірден полицейлерге хабар берген екен. Нәтижесінде мамандар “Астық” жедел-алдын алу шарасы аясында ұрыны анықтады. Азамат өз кінәсін мойындапты және бидайды түнде діттеген жерге апарып, сату үшін тасалау аумаққа апарып төккенін айтқан. Бүгінде жоғалған дүние иесіне қайтарылған. Осыған ұқсас жағдай Уәлиханов ауданында да орын алды. Мұнда механизатор күзгі өнім мен жанар-жағармай жымқырған. Жалпы, орақ науқаны басталғалы өңірде осындай 20 қылмыс тіркеліпті.

Култанов Байболат