COVID-19: Қазақстан

Өңірде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Өңірде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары күннен-күнге азайып келеді. Дегенмен, мамандар жағаны жайлауға жібермей, сақтық таныту қажеттігін ескертеді.

Тамыз айының басында елде коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтала бастады. Мұндай оң динамика біздің өңірде де байқалды. Егер маусым мен шілде айларында бір тәулікте тәж вирусы 40-50 адамнан анықталса, бүгінде ковидке шалдыққан науқастардың саны 10-ға да жетпейді.

Еркебұлан Баязитов – облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда СҚО-да эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Сондықтан, инфекциялық төсек-орындардың саны да қысқарды. Ал стационарлық провизорлар жабылды.

Індет өршіп тұрған кезде шаһарда 2 мыңнан астам инфекциялық және провизорлық төсек-орын болса, қазір ол 510-ға дейін қысқарыпты. Петропавлда қазіргі таңда 2 провизорлық стационар жұмыс істеп тұр. Оның біреуі – 1-ші қалалық көпбейінді ауруханада, екіншісі облыстық пульмонологиялық орталықта орналасқан

Еркебұлан Баязитов – облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Егер инфекциялық төсек-орын 510 болса, соның 46 пайызы ғана бос емес. 01:34 Дегенмен, әлі де бетперде тағып арақашықтықты сақтау қажет.

Еске сала кетсек, шілденің 30-ынан бастап азаматтардың барлығы көшеде маска тағып жүруге міндеттелді. Бұл ереже тек ересектерге ғана емес, балаларға да қатысты. Бұл ретте солтүстікқазақстандықтар талаптың сақталуына жауапкершілікпен қарайды.

– Санитарлық нормаларды сақтаймыз. Маска киеміз, әрдайым қолымызды сабынмен жуамыз.

– Мен үнемі бетпердемен жүремін. Балаларым мен немерелерім де беттерінен маскаларын шешпейді. Бұның өзіміздің денсаулығымыз үшін маңызы зор.

Жеке қорғаныс құралдарын ашық аспан астында ғана емес, жабық қоғамдық орындарда да тағып жүруді ұмытпаңыздар. Естеріңізге сала кетейік, егер талап орындалмаса, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 84 мың теңге.

Дана Сәлімқызы