МТРА жаңалықтары

Қаржылай қолдау ұйымдарына мониторинг жүргізілді

Антикор орталығының өкілдері қаржылай қолдау ұйымдарына мониторинг жүргізді. Бақылау нәтижесінде бұл мекемелерден 10-нан астам олқылық табылған. Айтуларынша ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға бағытталған ұйымдар несие беру рәсіміне өзгеріс енгізулері қажет. Яғни, кәсіпкерлер үшін кредитті алу мен төлеу схемасын түсінікті қылып жасау керек дейді.

Өңірдің аграрлық саласын дамыту үшін биыл ел бюджетінен 48 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ақшаның басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығына бағытталды. Мемлекеттік қаражаттың дұрыс жұмсалуын жергілікті Антикор орталығының өкілдері тексеріпті. Нақтырақ айтсақ, мамандар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау ұйымдарына сырттай анализ жүргізген. Оның нәтижесінде бірқатар мекемеге 10-нан аса ұсыныс жасалыпты.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Шаруа іске қажетті техниканы алу үшін алдын ала ақша төлейді. Төлем көлемі жалпы соманың 15 пайызын құрайды. Қалған 85 пайызын “ҚазАгроҚаржы” АҚ өтейді. Сауда кезінде несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайыз екені көрсетіледі. Оның 10-ын мемлекет субсидиялайды. Бірақ, бұл субсидия кейде жыл соңында кешіктіріліп, келесі айға қалып қоюы мүмкін. Осы кезде берешекті фермер өзі өтеуге мәжбүр болады. Ал 1 күн төлем жасалмаса қарыз сомасы 0,1 пайызға өседі.

Баянғазин мырза несие төлеу схемасы өте күрделендірілген және түсініксіз дейді. Мәселенің алдын алу үшін қарызды тек 7 пайыздық үстемеақымен беру қажет. Сонда олқылық түзеледі. Бұл ойды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов қолдап, осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Қазір «Қолдау.кз» сайтына да көңіл толмайды. Мұнда өлкедегі егістік алқаптар жайлы толық картографиялық ақпарат жоқ. Шараға қаржы ұйымдарының өкілдері де қатысып, өздерінің мүмкіндіктерімен бөлісті.

Алмат Қожахметов – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ директоры:

– Аграрлық несие корпорациясының өңірлік филиалы жергілікті шаруаларды қолдау үшін жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттайды. Қазіргі күнге дейін 500-ден аса өтінішті қаржыландырдық. Көктемгі егіс науқаны, техника алу, мал және өсімдік шаруашылығына және басқа да салаларға ақша бөлеміз. Несиенің жылдық үстемеақысы 5 және 6 пайызды құрайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің өкілдері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау ұйымдарының мамандарына несие беру схемаларын түсінікті етіп жасау қажеттігін жеткізді. Себебі, түсінікті механизм жемқорлықтың алдын алуға септеседі.

Бердимурат Баймухан