Құрылыс

“5-10-20” бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау уақыты ұзартылды

“Шаңырақ” немесе “5-10-20”. Петропавлда аталған бағдарлама бойынша баспана алуға өтінім қабылдау уақыты ұзартылды. Сондай-ақ, бірқатар шарттарға қатысты өзгертулер енгізілген. Бұл жайлы бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалында айтылды.

Елімізде жыл өткен сайын пәтер кезегінде тұрған жандардың саны артып келеді. Сол себепті, биыл Президент Үкіметке “5-10-20” бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Көп кешікпей пилоттық жоба дайын болды. Оны “5-10-20” немесе “Шаңырақ” деп атаймыз. Алғашқы кезеңде аталған бағдарлама аясында 1986 мен 2010 жылдар аралығында қалалық әкімдікте кезекке тұрған және “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде” шоты бар салымшылардың баспана ала алатындығы көрсетілді. Мұны көпшілігі пайдаланып, кешегі күнге дейін өз өтініштерін берді. Алайда, бүгін бастамаға бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Аталған жоба бойынша өтінімдерді қабылдау уақыты 16-шы қазанға дейін ұзартылды. Тек бірқатар шарт өзгерді.Бүгіннен бастап 1986 мен 2015 жылдар аралығында баспаналы болу үшін әкімдікте кезекке тұрған жандардан өтініш қабылдаймыз. Сондай-ақ, енді кез келген банк салымшысы өтінім тастап, өз бағын сынай алады.

“Шаңырақ” бағдарламасы арқылы баспана құнының 10% жинаған жан 5%-дық үстемеақымен 20 жылға ипотека рәсімдей алады. Қарызды төлей алатынын дәлелдеу үшін жанұя соңғы жарты жылдағы табысын растауы қажет. Ескерер жайт, бір отбасы мүшесіне шаққандағы ай сайынғы кіріс мөлшері 101 270 теңгеден аспауы тиіс. Жоба бойынша тұрғынжайды бастапқы нарықтан және жекеменшік құрылысшылардан сатып алуға болады. Өтінім қалдыру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтына кіру керек.

Тамерлан Мольдинов – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ зал әкімшісі:

– Банктің ресми сайтына кіргенде бірден “Шаңырақ” бағдарламасы жайлы ақпарат шығады. Ақпарды оқи отыра жоба шарттарымен толыққанды танысуға болады. Ал өтініш жолдау үшін “Тексеру және өтінім беру үшін” батырмасын басып, жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефон нөмірін жазу қажет.

Айта кеткен жөн, елімізде тың бағдарлама бойынша үй салу үшін қазынадан 180 млрд теңге бөлініпті. Оның 6 млрд-ы біздің облысқа бағытталыпты. Бұл қаржыға Петропавлда көпқабатты 15 баспана салынып жатыр.

Жанна Бисенова