ТЖ

Петропавлда жатақханадан өрт шықты

Бүгін таңертең Петропавлдағы жатаханалардың бірінен өрт шықты. От нысанның бірінші қабатындағы пәтерде бас көтерген. Өкінішке қарай, тұрғынжай түгелдей жанып кетті. Ғимараттан ондаған адам дереу эвакуацияланды.

Назарбаев пен Шухов көшелерінің қиылысындағы жатақханадан өрт шықты деген ақпар таңғы 11-де түскен. Түтіндеп жатқан тұрғынжайға құтқарушылар 6 бірдей көлікпен келеді. 5 қабатты нысанды түтін түгелдей шарпыса керек. Біз барғанда қызыл жалын ауыздықталып қалған екен. Есік алдында жедел жәрдем көлігін, ал аулада қарбаласты байқадық. Мамандар тұрғындардың бәрін сыртқа шығарып үлгеріпті. Эвакуацияланғандардың арасында балалар мен қариялар бар.

Никита Груздев:

– Мен лезде киініп, сыртқа қарай беттедім. 1-ші қабатқа жете бергенде қою түтінді байқадым. Тыныс алу мүмкін болмады, сондықтан жоғарыға қайта көтерілдім. Бірер минуттан соң құтқарушылар келіп, қолға алып тысқа шығарды. Жедел жәрдемге апарып, жағдайымды қарады. 

Саят Ермек – тілші:

-Қызыл жалын жатақхананың бірінші қабатында бас көтерген. нақтырақ айтар болсақ, дәл осы бөлмеде. Баспананың жағдайы, көріп тұрғандарыңыздай, мүшкіл. Іші суға толы. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, нысаннан 50 адам эвакуацияланған, 4-5 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліпті. Алайда, өрт сөндірушілер өрттің шығу себебі туралы ешқандай ақпарат бермей отыр.

Құтқарушылардан ақпар ала алмаған соң оқиға куәгерлерімен тілдестік. Көршілердің айтуынша, үй иелері жалын бас көтергенде жұмыста болған. Өртті алғашқы болып Александр Щелкунов байқайды.

Александр Щелкунов:

– Көршім жарық сөніп қалды, барып қарап келші деп өтінді. Астына түсіп бара жатқанда бірінші қабатты қою түтін басқанын байқадым. Түтін электр қалқаншасынан шығып жатты. Үйі өртенген көршімнің пәтері оның жанында орналасқан.

Өрттің шығу себебін өңірлік ТЖД кешірек, арнайы брифинг барысында баяндады. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан бас көтерген. Ұзақ жылдар бой жөндеу көрмеген ескі ғимараттағы желілер сыр берсе керек. Одан қалды, жатақханадан 2 газ баллоны шығарылады. Абырой болып, бірде-біреуі жарылмаған. Жазым болғандар мен жарақат алғандар жоқ.

Саят Ермек