Қоғам

Ана үйінде шеберлік сағаты өтті

Петропавлдағы “Ана үйі” қоғамдық қорының орталығында шеберлік сағаты өтті. Онда тағдырдың тәлкегіне тап болған нәзікжандылар түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйренді. Жерлестерімізге істің қыр-сырын тәжірибелі маман түсіндірді. Жалпы бүгінде орталықта 6 азаматша балаларымен бірге тұрып жатыр.

Айгерім Мырзаханова бір жастағы сәбиді өзі жалғыз тәрбиелеп отыр. Жас ана Петропавлға оңтүстік аймақтан жұбайымен бірге қаңтар айында келіпті. Алайда, бірқатар қиындықтарға тап болып, екеуі ажырасып тынған. Қайда барарын білмеген нәзікжанды мәселені шешудің жолдарын іздей бастайды. Ақыры “Ана үйі” барын естіп, баласымен бірге осында келген.

Айгерім Мырзаханова:

– “Ана үйі” жайлы ақпаратты Инстаграм желісі арқылы білдім. Негізінде, мұндағы жағдай жақсы. Өзім медбике болып жұмыс істедім. Ал қазір әзірше осындамын.

Жас аналардың сөзінше мұнда түрлі шеберлік сағаттары жиі өткізіліп тұрады. Қазір нәзікжандылар басқа тағатын мынадай бұйым тігуді үйреніп жатыр. Арнайы тәжірибелі қолөнерші шақыртылыпты. Айтуынша, осы еңбектеніп жасаған дүниені артынан қарай саудаға жаратып, азын-аулақ табыс табуға болады.

Татьяна Елесова – қолөнерші:

– Аналар үйіндегі келіншектермен жиі кездесіп тұрамыз. Қазір 5 нәзікжандыға түрлі қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйретіп жүрмін. Кейін дайын дүниелерді шаһар дүкендерінде немесе әлеуметтік желілер арқылы сатамыз.

Шеберлік сағатын ұйымдастыруды “Жастар салауатты өмір салты үшін” қоғамдық бірлестігі қолға алған екен. Ұйым өкілдерінің сөзінше, олар “Ана үйі” қоғамдық қорымен 2 жылдан бері әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Бүгінге дейін бірлесіп жас келіншектер үшін біраз пайдалы іс-шара өткізіпті.

Елена Очаркова – “Жастар салауатты өмір салты үшін” ЖҚБ үйлестірушісі:

– Шаралар ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылуда. Бұған дейін жас аналарға білезік жасауды үйреткен болатынбыз. Одан бөлек, нәзікжандылар кез келген уақытта психолог пен заңгердің көмегіне жүгіне алады.

Жалпы, 6 жыл ішінде Петропавлдағы Ана үйінде 100-ден астам келіншекке көмек көрсетілген. Қазір мейірімге толы баспананы 6 нәзікжанды паналауда.

Жанна Бисенова