Мәдениет

Жергілікті университетте кітап көрмесі ашылды

“Жас ұрпақтың болашағы”. Осындай тақырыппен  жергілікті университетте кітап сөрелерінің ресми ашылуы өтті. Іс-шара “BolashaqBooks” жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Жиынға жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен “Болашақ” қауымдастығының өкілдері қатысты.

Мамандар “BolashaqBooks” жобасын осыдан үш жыл бұрын қолға алған екен. Бастапқы кезеңде кітап сөрелері Нұр-Сұлтан, Орал, Талдықорған қалаларында қойылған екен. Кейін туындылар өзге шаһарлардағы ағайынға таныстырыла бастапты. “Бұл бастаманың негізгі мақсаты – халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру”,- дейді жоба менеджері Жұлдыз Жүнісова.

Жұлдыз Жүнісова – “Bolashaq” қауымдастығының жоба менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Кітап сөрелерінің ерекшелігі – қазіргі таңда барлығы электрондық құралдарға өтіп жатқандықтан, кітап сөресінің дизайнында QR-кодтар бар. Бұл арқылы адамдар телефонмен кітаптарды жүктеп, оқи алады.

Жаңа негізгі мақсат – кітапқа деген қызығушылықты арттыру дедік. Ол қалай жүзеге асады? Жергілікті университеттің 2-ші корпусына қойылған асыл қазынаға толы сөре тұра бермек. Ондағы түрлі бағыттағы 50 шақты туындыны кез келген адамның алып, оқуына мүмкіндік бар. Орнына еңбек қалдыруына да, қалдырмауына да болады. Сөреге арнайы еріктілер тобы бақылау жасайды. Олар құнды дүниелердің азайғандығын байқаса, “Болашақ” қауымдастығы мамандарына хабарласып, кітаптарға тапсырыс береді.

Жұлдыз Жүнісова – “Bolashaq” қауымдастығының жоба менеджері:

– Бұл жерге “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында әлемдік кітаптардың қазақшаға аударылған түрлері қойылған. Бірақ, арасында қазақ әдебиеті де бар.

Осындай кітап сөресі 2018 жылы қаламыздағы сауда орталықтарының біріне қойылған еді. Қазір онда тұрғындар барып, түрлі туындыларды тегін оқып жүр. Алдағы уақытта “Bolashaq” қауымдастығының өкілдері ел бойынша осындай 20 кітап сөресін қоюды жоспарлап отыр.

Алтынай Қазиқан