Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жұмысшы кентіндегі көпірде пайда болған жарық жұртшылықты алаңдатуда

Осыдан 6 жыл бұрын күрделі жөнделген Жұмысшы кентіндегі көпір жуырда сыр берді. Өтпежолдың қақ ортасында үлкен жарық пайда болды. Көлік ағыны күшті учаскедегі бұл ақау петропавлдықтарды алаңдатып отыр. Олар нысан кез келген сәтте құлай ма деп алаңдаулы.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл көпір Петропавлды Жұмысшы кентімен байланыстырады. 1960 жылы салынған нысан 2014 жылы қайта жаңғыртылған еді. Жаңадан тұрғызылды деп айтсақ та болады. Алайда 6 жыл өткен жоқ, ал көпірдің қақ ортасында жарық пайда болды. Оның көлемі аса ауқымды, тіпті астынан өтіп бара жатқан пойыздарды да байқауға болады. Сондықтан, петропавлдықтар көпір кез-келген уақытта құлай ма деп аллаңдаулы.

Петропавлдың транспорттық күретамырындағы ақауды күні кеше шенділер арнайы мамандарды ертіп барып, зерттеген екен. Сараптама прокуратура өкілдері және полицейлердің қатысуымен өткен. Белгілі болғандай, жарық көпірдегі деформациялық тігістің бір жағында пайда болған. Жауаптылардың сөзінше, бұл қалыпты жағдай. Қорқудың еш қажеті жоқ.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Мұндай дефектілер осы сынды көпірлерде уақыт өткен сайын болып тұрады. Қазіргі кезде көпір жабылмайды, автокөліктердің жүруіне ешқандай кедергі жоқ. Ешқандай қауіп жоқ.

Десе де, оқыс оқиғаның алдын алмаққа көпірдегі ақауды осы күйінде қалдыруға болмайды. Сондықтан, қала билігі жыл аяғына дейін нысанды орташа жөндеуден өткізбекші. Құжаттама әзірленіп жатыр, іс жоспардан тыс болса да қаражат табылады деп әкімдіктегілер сендірді. Жұмыстар басталғанда өтпежол бірнеше күнге жабылады. Ал оған дейін көпір бойымен алаңдамай қатынауға болады екен.

Саят Ермек