МТРА жаңалықтары

Тимирязев ауданына С.Мұқановтың есімі беріледі

Тимирязев ауданына жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың есімі беріледі. Жергілікті билік пен жұртшылық көтерген бұл бастама ономастикалық комиссия тарапынан былтыр қолдау тапты. Алайда, пандемияның салдарынан ауданның атауын өзгерту әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр.

Тимирязевтің атауын өзгерту айналасындағы әңгіме бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді. Бастама жергілікті ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдеріне тиесілі. Өлкеге қазақ әдебиетінің тау тұлғасы, жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы ұсыныс былтыр тағы да түседі. Абырой болып бұл мәселе ауданның қазіргі әкімі Нұрлан Кеңесовтің тарапынан қолдау тапқан.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Өзіміздің өңір бойынша сұрақ-жауап өткіздік. Халықтың оң қолауына иеміз. 16 округ бойынша шешім туралы кеңінен айтылып түсіндірілді. Халық, негізінен, қарсы емес.

Бұқара мен жергілікті мәслихаттан рұқсат алып, атқамінер облыстық ономастика комиссиясына өтініш түсіріпті. Ол мұнда да қолдау табады. Тіпті, республикалық комиссияның өзі бастама турасында оң шешім шығарған. Аудан атауын өзгерту ісі 2020-да қолға алынуы тиіс еді. Тек үкімет жариялаған мораторий мүмкіндік бермеді.

Ернияз Сұлтанов – облыстық ономастика комиссиясының хатшысы:

– Еліміздегі жағдайға және 20-шы жылы ұлттық санақтың өткізілуіне байланысты бұл жұмыс сәл тоқтап тұр. Ономастика жұмыстарын жүргізуге шектеу алынып тасталған жағдайда бұл жұмыс жалғасатын болады.

Бұл аудан 63-ші жылы бірнеше совхозды біріктіру нәтижесінде құрылды. Сол кезде оған орыстың көрнекті ғалымы, табиғат зерттеушісі Климент Аркадьевич Тимирязевтің есімі беріледі. Сондықтан, атауды өзгерту ісін тарихты бұрмалауға теңгейтіндер де жоқ емес. Ал профессор Зарқын Тайшыбайдың пікірінше ол кісі бұл жерде туылмаған. Яғни, қазіргі атау – кеңестік насихаттың нәтижесі. Ал Сәбеңнің қазақ әдебиеті мен өңір өткеніндегі орны бөлек.

Зарқын Тайшыбай – филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Бұл бір үлкен тарихи әділеттілік болар еді. Себебін айтайын, жазушылар көп, ақындар көп, олардың бәріне аудан жетпейді. Солардың ішінде Сәбит – жалғыз. Сәбит – халықтың жазушысы, халықтың қайраткері. Ол сонысымен ерекше. Нобель, Ленин сыйлықтарын алмаса да, Сәбең әр қазақтың жүрегінде өзіндік орны бар адам. Сондықтан бұған біреу қарсы болады деген нәрсе менің ойыма да келмейді.

Ернияз Сұлтанов – облыстық ономастика комиссиясының хатшысы:

– Тәуелсіздік алғалы бері біздің облысымызда 10 ауданның атауы өзгертілді. Кеңес заманында “Совет”, “Москва”, “Ленин” сияқты атауларға ие болған аудандар қазіргі таңда халқымыздың танымал тұлғалары мен солтүстік өңірдің жер бедеріне байланысты “Ақжар”, “Қызылжар”, “Аққайың” болып аталғаны белгілі. Тмирязев ауданына С.Мұқанов есімінің берілуін мен құптарлық шешім деп санаймын.

Шешім қабылданғанымен, ауданға жазушы есімінің қашан берілетіні әзірге белгісіз болып отыр. Облыстық ономастика комиссиясындағылар атау жыл соңына дейін өзгертіледі деген үмітте. Бл Сәбеңнің 120 жылдығына орай үлкен тарту болар еді. Аудан әкімінің айтуынша іске 3,5 млн теңгедей қаражат керек. Ақша маңдайшаларды, жол белгілері мен мөрлерді ауыстыру сынды мақсаттарға жұмсалмақ.

Саят Ермек