ТЖ

СҚО-да өткен аптада төтенше жағдай салдарынан 3 адам қаза тапты

Өткен аптада өңірде  төтенше жағдайлар салдарынан 3 адам қаза тапты. Бір жерлесіміз – өрт, 2-уі  су құрбаны болған. Бұл жайлы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингіде айтылды.

Өткен сенбі күні Мамлютка қаласынан 4 шақырым жерде орналасқан Окунево көлінен 61 жастағы балықшының жансыз денесі табылды. Ол екі досымен бірге мұнда балық аулау үшін келіпті. 3 қайыққа мініп, жеке-жеке қармақ салған екен. Марқұмның қалай суға батқанын ешкім көрмеген.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Түске қарай екі азамат жағаға қайтады. Өкінішке қарай, үшінші адам оралмайды. Осы сәттен қос жерлесіміз марқұмды іздей бастайды, мамандарға хабарласады. Біраз уақыт өткен соң құтқарушылар алдымен көлден – қайық пен жилетті, кейін тұрғынның жансыз денесін де табады. Қазір қайғылы оқиғаның себебі анықталып жатыр.

Есіл ауданында да қайғылы жағдай тіркелді. Подгорное селосы маңында 59-шы жылғы азамат Есіл өзеніне батып кетті. Бұған дейін ішімдік ішкен көрінеді. Одан бөлек, өткен жұма күні Петропавл қаласындағы Московская көшесінде орналасқан тұрмыстық нысандардың бірі отқа оранды. 255 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын салдарынан ғимарат пен көршілес монша зақымданды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алдын ала болжам бойынша от толық сөндірілмеген темекіден тұтанған. Осыған ұқсас жағдай Айыртау ауданының Константиновка селосында да тіркелді. Мұнда екі пәтерлі жер үйді жалын шарпыды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– От 75 шаршы метр аумаққа таралған. Салдарынан үйдің төбесі мен шатыры қирады. Және апат орын алған жерден 67-ші жылғы баспана иесінің жансыз денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша өрт сөндірілмеген темекі қалдығы немесе майшамнан пайда болған.

Жалпы, жыл басынан бері облысымызда 422 өрт оқиғасы орын алыпты. Салдарынан 35 солтүстікқазақстандық көз жұмған. Биылғы төтенше жағдайлар саны былтырғыдан 25 пайызға жиі тіркелген. Өзен-көлдерде 9 адам қаза тапқан.

Бисенова Жанна