Білім

СҚО-да 10 колледж штаттық режимде жұмыс істеп жатыр

Облыста 25 колледж бар. Карантинге байланысты олардың 2-уі қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. 10 білім беру ошағы штатты режимде сабақ беруді жалғастыруда. Ал қалған 13-інде сабақ үрдісі алма-кезек ұйымдастырылған. Бүгін біз Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде болып қайттық.

Студенттердің сабағы қолды залалсыздандыру мен дене қызуын өлшеуден басталады. Бұл – Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжіндегі жаңа тәртіп. Әзірге, аталған қағиданың 1-ші курс жастарына ғана қатысы бар. Өйткені, қазір мұнда ғимараттың табалдырығын биыл аттаған ұл-қыздар ғана оқып жатыр. Қалғандары қашықтықтан білім алуда.

Асылбек Кәрібаев – Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

– Мектепті қашықтықтан тәмамдадым. Қиын болды. Ал колледжде дәстүрлі форматта оқып жатырмыз. Мұғаліммен бетпе-бет жүздесу арқылы сабақты жіті түсінуге болады.

Сақтық шараларына қайта оралайық. Бұрын бір пардың уақыты 90 минутты құрапты. Қазір 2 есеге қысқарған екен. Оның үстіне бүгінде жастар таңертен және күндіз оқиды. Тәжірибелік сағаттардың кейбірі мына шеберханада өткізіледі. Мұнда заманауи қондырғыларды, шетелдік озық компаниялар шығарған көліктерді көре аламыз. Олар биыл колледжге «Жас маман» бағдарламасы бойынша жүргізілген жаңғырту жұмыстары кезінде әкелінді.

Еркін Жақыпов – Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің директоры:

– 3 пен 4-ші курстың студенттері тәжірибені облыстағы кәсіпорындарда өтіп жатыр. Мәселен, техника, механика мамандығын оқып жатқан жастар ауыл шаруашылығында, күзгі жиын-терім жұмыстарында жүр.

Сақтық шаралары облыстық машина құрастыру колледжінде де күшейтілген. Мұнда қазір білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған 100 студент оқуда. Жалпы, бүгінде өңірімізде 25 колледж бар. Нысандардың 10-ға жуығы шатты режимде жұмыс істеп жатыр. Дені ауылды жерлерде орналасқан.

Бердимурат Баймухан