Құқық қорғау органдары

Петропавлда интернет алаяғы ұсталды

Өңір полицейлерінің құрығына интернет алаяғы ілікті. 30 жастағы петропавлдық ғаламторда адамдарды алдап, бақандай 700 мың теңгені қалтаға басқан. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындарды сан соқтырған пысықайдың кінәсі толық дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алаяқ арам ойын жүзеге асыру үшін түрлі интернет-ресурстарын пайдаланыпты. Ол ғаламторға адамдарды жұмысқа қабылдаймын, хабарласыңыздар деп шімірікпестен хабарландыру жариялаған екен. Бұған кейбірі иланған. Олар қоңырау шалып, айлакердің сұрауы бойынша жеке деректерін, оның ішінде карта нөмірін де қойыпты. Алаяққа керегі де осы. Ол нөмірлер арқылы тұрғындардың атынан шағын несиелер рәсімдеген.

– Қолда бар ақпарат арқылы несие алу үшін түрлі ұйымға жүгіндім. Өтінішім мақұлданып, кредит карта иелеріне аударылды. Сол кезде осы жандарға хабарласып, түрлі сылтау айттым. Ақшаны киви-әмияныма жіберткіздім.

Алаяқ келтірген шығын 700 мың теңгені құрайды. Қитұрқы әрекеттің өтеуі – жаза. Қазір тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 3-тен 7 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Жанкелді Әпенов – қалалық ПБ бөлімінің жедел уәкілі:

– Жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 30 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Ол бұрын сотталмаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Және қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп сақшылары мұндай алаяқтардың қармағына ілікпес үшін бейтаныс жандарға телефон, интернет арқылы жеке мәліметтерді ұсынбау қажет дейді.

Саят Ермек