МТРА жаңалықтары

Петропавлда Абай Құнанбайұлына арналып мурал салынуда

Шаһардағы көпқабатты үйлердің бірі көркейе түспек! Баспананың тұтастай бір қабырғасына керамикалық плитадан Абай Құнанбайұлының бейнесі бейнеленген мурал салынып жатыр. Ұзақ жылдарға шыдас беретін мұндай материал елімізде алғаш рет қолданылуда.

2020 – еліміз үшін атаулы мерейтойларға толы жыл. Биыл әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне – 1150, ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнның туылғанына – 1000 жыл. Ал Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне – 175 жыл. Бас ақынның мерейтойына орай ел көлемінде түрлі бастамалар қолға алынуда. Алматы мен Нұр-Сұлтанда ескерткіштер ашылса, Петропавлда ерекше мурал салынып жатыр.

Біртуар тұлғаның бейнесі мен ою-өрнектер бейнеленетін үлкен мурал Әуезов пен Абай көшелерінің қиылысындағы 9 қабатты үйдің қабырғасында орналаспақ. Бұл керемет туындының авторы – солтүстікқазақстандық Болат Әсербеков. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі тың жобаны жүзеге асыру үшін оңтүстік астанадан арнайы сәулетшілерді шақыртыпты. Себебі, мурал жай ғана бояумен емес, арнайы керамикалық плитадан жасалып жатыр.

Бейбіт Наманов – сәулетші:

– Стенаны алдымен тазартып алдық. Содан кейін клей жағып, плиткаларды жабыстырып жатырмыз. Бұл плиткалар өте сапалы. Оған диколь жабыстырылады. Содан кейін ол 830 градуста пешке күйдіріледі. Кейін осындай сурет болып шығады.

Елімізде мұндай көркем туынды керамикалық плитадан алғаш рет жасалып жатыр. Сәулетшілер ұлы Абай бейнеленген мурал 50 жылдан артық өз реңін жоғалтпай, сақталады дейді. Жалпы, маңызды шаруаға мамандар өткен аптаның соңында кірісіпті. Бүгінде орталық бөлік монтаждалуда. Істің 90 пайызы тәмам. Туынды біз тілдескен жұртшылықтың көңілінен шықты. Олар жоғары бағаларын беруде.

– Үйдің қабырғалары бос тұрмай, осындай ұлы тұлғалардың суреттері бейнеленсе жақсы ғой. Кішкентай балалар да бұл жандарды біліп жүреді.

– Маған осындай туындылар ұнайды. Қаламыз көркейе түседі.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлы бейнеленген мурал 10 күннің ішінде толығымен дайын болмақ.

Дана Сәлімқызы