Денсаулық сақтау

Өңірде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жүріп жатыр

Өңірде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл науқан дәстүрлі уақытынан 2 аптаға ерте басталды. Бүгіннің өзінде 3 мыңдай солтүстікқазақстандыққа екпе егілген. Ресейлік препаратты сатып алуға облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлініпті.

Әдетте тұмаудың алдын алу шаралары қазанның 1-і күні бастау алатын. Алайда, биыл мамандар іске ерте кірісті. Себебі, коронавирус жағадан алғанда, тұмау етектен тартуы мүмкін. “Бұл ауруды емдегенше, оның алдын алған жөн”,- дейді дәрігерлер.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

–  Биыл өздеріңіз біліп отырсыздар, бүкіл елде, дүниежүзінде коронавирус тарады. Енді тұмау да жақындап жатыр. Адамдардың иммунитеті тезірек қалыптасып, тұрақталуы үшін екпе егіп жатырмыз.

Вакцинаны алғашқылардың бірі болып елдің бас дәрігері Алексей Цой салдырды. Министр бұл ісімен қазақстандықтарға үлгі болып қана қоймай, денсаулықты сақтауға үгіттеді. Енді өңірге оралсақ. Облыста да бүгіннің өзінде 3 мыңдай тұрғын екпе ектірген. Қолданыстағы дәрі солтүстікқазақстандықтарға таныс. Тұмаудың алдын алатын «Гриппол +» Ресейде әзірленген. Оның 60 мың дозасын сатып алуға жергілікті бюджеттен 52 млн теңге бөлініпті. Вакцина кімдерге тегін салынады? Брифинг барысында жергілікті ақ халаттылар осыған да тоқталып өтті.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

–  Медицина қызметкері және диспансерлік бақылаудағы балалар. Сондай-ақ, жиі ауыратын балалар жатады.

Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Коронавируспен ауырып жатқан жандардың вакцина алуларына бола ма? Өмірлеріне қауіп-қатер төнбей ме?

Мерует Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздін бақылау департаментінің бөлімінің бас маманы:

–  Вакцинацияны жүргізген кезде адамдар тексерістен өтеді. Егер тұрғын вирус тасымалдаушы түрімен ауырса, иммунитет қалыптасқан болады. Ешқандай да реакция болмайды. Екпе еккеннің өзінде ешқандай клиникалық белгі болмайды.

Айта кететін жайт, созылмалы ауруларға шалдыққан немесе жұмыртқаның ақуызына аллергиясы бар жандарға вакцина егуге қатаң тыйым салынады. Ал вакцинаны ақылы түрде салғызатын тұрғындар қажетті барлық ақпаратты өздері тіркелген медициналық мекемеден біле алады.

Маржан Қасымбек