Спорт

Өңірде бұқаралық спорт дамып келе жатыр

Шынықсаң, шымыр боласың! Өңірде шамамен 160 мыңнан астам әуесқой спортшы бар. 14 мыңға жуық солтүстікқазақстандық спортпен кәсіби түрде айналысады екен. Облыста жыл сайын спорт нысандары ашылады. Бұл аталған саланың дамуына серпін беріп, тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуда маңызды рөл атқарады. Әріптесім Жанна Бисенова бүгін  өмір бойына спортты серік етіп, “Тәні саудың – жаны сау” деген қағиданы ұстанатын жерлестерімізбен жүздесіп қайтты.

Спортмен шұғылдануға ешқашан кеш емес! Бұл ұстанымды сексеннің сеңгіріне шыққан Бектен Жүсіпов толықтай қолдайды. Петропавл тұрғыны бала күнінен жүгіруге құмар болыпты. Спортты өзінен бір елі алшақтатқан емес. Ақсақал күнде таңертен қалалық саябақты бір аралап өтеді, кейін дене жаттығуларын жасайды. Шаһар ішінде автобусқа мүлде мінбейді екен. Діттеген жерге жаяу жеткенді жөн көреді.

Бектен Жүсіпов – қала тұрғыны:

–  Осы жерге күнде таңғы 9-да келемін. 1-1,5 сағаттай жаттығу жасаймын. Кейін саябақ бойынша 2-3 шақырымдай серуендеймін. Содан соң облыстық ауруханаға дейін жаяу жетемін. Осылайша күніне 5 шақырымдай жаяу жүремін. Орнатылған тренажерлар үшін әкімдікке алғысымды айтқым келеді.

Қала бойынша орнатылған спорт алаңдарының басты артықшылығы – қолжетімділігінде. Ашық аспан астындағы орындарға кез келген адам келіп, жаттыға алады.

15 жасар Аслан Баубеков белтемірде ұршықша айналады. Айналып қана қоймай, белгілі бірі бағытта қаққан қазықша қатып тұра алады. Сонысымен жұртты таң қалдырып жүр. Жасөспірім стрит воркаутты жанына 2 жыл бұрын серік етіпті.

Аслан Баубеков – қала тұрғыны:

– Бастапқы кезде стрит воркаутқа аса құлшынған жоқпын. Үйдің маңында жаттығатынмын. Кейін “Жастар” стадионына барып, шыныға бастадым. Онда Руслан есімді тәжірибелі воркаутшымен таныстым. Ол мені осы саябаққа шақырып, бірнеше жаттығу үйретті. Қазір мұнда күнде келемін. 2-3 сағаттай жаттығып, шеберлігімді шыңдаймын.

Аслан стрит воркаут денені шынықтырады дейді. Әрі онымен айналысу үшін ақша төлеудің қажеті жоқ. Кез келген алаңға немесе үй маңындағы белтемірге барып, жаттыға аласыз. Жалпы, қала бойынша 40-тан аса спорт алаңы бар екен. Футболсүйер қауым үшін 85 шығын алаң және 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді

Жанна Бисенова – тілші:

– Қалалық саябақта демалуға да, спортпен шұғылдануға да болады. Мына біз тұрған аумақта тұрғындар волейбол, баскетбол ойнайды, велосипед, самокат, скейтборд тебеді. Соңғысын мен де пайдаланамын. Онымен жүру оңай емес. Бірақ, бір-екі жаттығу жасасаңыз, үйреніп кетесіз. Скейтбордпен діттеген жеріңе жылдам жетесің. Барлық дене мүшесі қозғалғандықтан денсаулыққа да пайдасы зор.

Бүгінде облыс бойынша 176 мыңнан аса адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Олардың 14 мыңға жуығы – кәсіби, қалғандары – әуесқой спортшылар.

Бисенова Жанна