Қоғам

Жолақы әзірге өспейді

Жолақы 130 теңге болады деген ақпаратты Петропавл әкімдігі жоққа шығарды. Атқамінерлердің айтуынша, тариф, әзірге, сол қалпы қалады. Өзгерістер электрондық билеттеу жүйесі ендірілген соң ғана енгізілмек. Алайда, аты жаман індеттің кесірінен заман игілігінің шаһарішілік автобустарға қашан қойылатынын болжау қиын. Белгілісі – жолаушылар мен оларды тасымалдаушыларға жақын болашақтағы жаңашылдықтарға дайын болғаны абзал.

Жолақы өседі деген жаңалық демалыс күндері бұқараны біраз шулатты. Қалалық әкімдік болса тұрғындарды сабырға шақырып әлек. Желіде мұндай ақпаратты таратқандар бір маңызды жәйтті ескермеген. Иә, тариф өседі, бірақ электронды билеттеу жүйесі енгізілген соң. Болашақта қолданысқа арнайы карточкалар енбек. Оны пайдаланушылар үшін жолақы баяғыша 80 теңге болып қала береді. Ал қолма-қол ақшамен есеп айырысатындарға 130 теңге төлеуге тура келмек. Мұндай жүйеге Елорда мен Алматы былай тұрсын, көрші жатқан Көкшетаудың өзі бір жыл бұрын көшті. Петропавл билігі электронды билеттеуді осы жазда ендірмек болыпты, тек карантин істі кейінге шегерткен. Жаңашылдық ерте ме, кеш пе келеді бізге, бірақ қашан екенін атқамінерлер дөп басып айтпай отыр.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз алматылық компанияны жалдап, қалалық қоғамдық көлік маршруттарын зерттеуге тапсырыс берген едік. Көктемде автобустар тоқтап, оны аяқтай алмадық. Енді сараптаманы қайта жандандырып, кейін бағыттарды оңтайландыратын боламыз. Яғни, қажеті шамалы маршруттарды алып тастаймыз, ал бірін-бірі қайталайтындарын біріктіреміз. Содан кейін ғана электронды билеттеу ендіріледі.

Жаңашылдықты орнатып, қызмет көрсететін оператор таңдалып, қала әкімдігі мен тасымалдаушылар арасында үшжақты меморандум жасалып қойған. Сондықтан, Асқар Хабибулин мырза автобус паркі жаңа жүйеге жаңа жылға таман көшеді деп топшылады. Алайда, жергілікті автокөлік одағының төрайымы Галина Семенова бұл үрдіс бұдан да ұзаққа созылуы мүмкін дейді. Оның сөзінше, электрондық билеттеу шектеулерден кейін онсыз да оңып отырмаған петропавлдық тасымалдаушылар үшін тым қымбатқа түсейін деп тұр.

Галина Семенова – «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Қондырғылар арзанға түспейді – бұл бір. Екіншіден, карантиннің қайта қатаңдатылып, автобустардың тағы да тоқтамайтынына кім кепіл?! Мұндай қаржылық жүктемені бәрі бірдей көтере алмайды. Сондықтан, электронды билеттеу жүйесі ендірілсе, тасымалдаушылардың бірқатары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Яғни, маршруттардың саны одан бетер қысқарады деген сөз.

Кәсіпкерлер субсидиялар толыққанды әрі уақытылы берілсе ғана электрондық билеттеу жүйесіне қуана-қуана көшуге әзір. Алайда, шаһардағы автобус паркінің жағдайы да бәрімізге белгілі. Заманауи қондырғыларды шағын “зайчиктердің” салонында елестету қиын. Алайда, солай болатын сияқты. Көліктердің бәрін бірден жаңарту мүмкін емес. Ал Петропавл биілігі биыл 100 жаңа автобус сатып алып, тасымалдаушыларға лизингке беруді жоспарлап отыр.

Саят Ермек