Ауыл шаруашылығы

СҚО-да үй құстары қырылып қалды

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстарының қырылу фактісі тіркелді. Тимирязев, Ғ.Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында 700-ге жуық тауық өлген. Мұндай жағдай кеше Қызылжар ауданында да тіркелді. Ветеринар мамандар дерт құс тұмауына ұқсайды дейді, бірақ әлі нақты шешім шығарылған жоқ. Тиісті зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Араға 15 жыл салып көршілес Ресей елінде құс тұмауы қайта бас көтерді. Індет тамыздың 4-і – Челябіде, 5 күн өткен соң Омбы облысында тіркеліпті. Осыған байланысты өлкемізде сақтық шаралары күшейтілді. Мәселен, өңірге көрші мемлекеттен құс еті мен жұмыртқа кіргізуге тыйым салынды. Сонжай-ақ, қазір мамандар түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр.

Қайырлы Қазанов – СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Жұмыстар жүргіздік. Түсіндіру қағаздарын тараттық. Құс өсіретін шаруаларды жинап, олармен әңгімелестік.

Дегенмен, аурудың белгісіз түрі жақында өңірге де жетті. Солтүстік Қазақстан облысының 4 ауданында үй құстарының қырылу фактісі тіркелді. Қыркүйектің 9-ы күні Тимирязев ауданына қарасты – Элеватор, Ғ.Мүсіреповтегі Сухаровка селосы мен Сергеевка қаласында 700-ге жуық қанатты өлген. Мұндай жағдай кеше Қызылжар ауданындағы Якорь елді мекенінде де тіркелді.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Ауырған және өлген құстардың белгілері ньюкасл, пастереллез, грипп ауруларына ұқсайды. Барлығының дене температурасы жоғарылаған. Диарея болып, жағдайлары әлсіреген. Ауылдардың карантинге жабылу-жабылмауы зерттеу нәтижесінен кейін белгілі болады.

Мамандар құстардың ауру жұқтырғандарын да, қырылғандарын да өртепті. Оқиға орын алған аумақтарды дезинфекциялаған. Ауылдар, әзірге, карантинге жабылған жоқ. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі ертең белгілі болады. Мәселені облыс прокурорлары жіті бақылауға алды. Олар тиісті тексеру жұмыстарын назарда ұстаймыз дейді.

Маржан Қасымбек