МТРА жаңалықтары

Петропавлда 68 көпқабатты үй жылыту маусымына дайын емес

Петропавлда 70-ке жуық көпқабатты баспана қауырт маусымда жылусыз қалуы мүмкін. Себебі, тұрғындар су құбырларын жөндеп-жарақтауға құлықсыздық танытып отыр. Осы орайда шаһар басшысы Болат Жұмабеков пәтер иелерімен кездесіп, мән-жайды білді.

Гүлнәр Дарбаева Маяковский көшесінің бойында орналасқан көпқабатты баспаналардың бірінде тұрады. Ол мұнда – үйдің үлкені. Нәзікжандының айтуынша, нысан аппатты жағдайда тұр және жылу қабылдауға дайын емес екен. Себебі, жылыту жүйесі тексерілмеген. Шаруаны іске асыру үшін 35 мың теңге қаржы қажет. Бірақ, бұл соманы тұрғындар жинай алмай отыр.

Гүлнәр Дарбаева – ПИК төрайымы:

– Тұрғындар ақша жинауға құлықсыздық танытып отыр. Менің өзімде құбыр жөндеуге қаражат жоқ. Олар бұл жұмыс тегін атқарылуы қажет дейді. Қарызымыз 400 мыңға жетті. Сотқа да бере алмаймын. Себебі, біздің пәтер иелері кооперативі ресми түрде тіркелмеген.

Осаған ұқсас жағдай қаладағы Радищев көшесінің бойында орналасқан үйде де орын алды. Мұндағы кей баспананың тұрындары ақша төлеуден бас тартып отырса, басқасындағы ағайын қуана-қуана келісер еді. Бірақ, жарналарын қайда ұсынарларын білмейді. Яғни, пәтер иелерінің кооперативі құрылмаған. Мәселенің мән-жайымен қала әкімі Болат Жұмабеков танысты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаға жекеменшік үйлердің жылыту жүйесін жөндей алмаймыз. Бірақ, сіздерге тиісті мамандарды жібере аламыз. Олар шаруаны қалай атқару қажет және қашан жасалуы керек екенін түсіндіріп береді. Сол кісілермен ақылдасқандарыңыз жөн.

Жалпы, биыл қаладағы 68 көпқабатты үй жылуға уақытылы қосыла алмауы мүмкін. Мұның себебін жаңа ғана айттық. Болат Жұмабеков арнайы тізімге енгізілген баспаналардағы тұрғындардың барлығымен жүздесіп, көпті толғандырған мәселені бақылауға аламын деді. Сондай-ақ, ол тұрғындарға “І-Кomek” диспетчерлік орталығына хабарласып, бұйымтайларын жеткізе алатындықтарын айтты немесе қалалық әкімдік сайтындағы виртуалды қабылдау жүйесін пайдалануға болады.

Бердимурат Баймухан