Құқық қорғау органдары

Милиция полковнигі В.Богдановичтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Бүгін Петропавлда милиция полковнигі Владимир БогданОвичтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Жерлесіміз ішкі істер органдарында 35 жыл бойы қызмет атқарып, қылмыспен күреске өзіндік үлесін қосқан. Ескерткіш тақта  Владимир Павловичтің өзі кезінде жұмыс атқарған  әкімшілік полиция басқармасының ғимаратына орнатылған.

Владимир Богданович милициядағы еңбек жолын сонау 59-шы жылы бастапты. Қазіргі М.Жұмабаев, бұрынғы Булаев ауданында ішкі істер бөлімінің учаскелік жедел уәкілі болып жұмыс істеген. Түрлі лауазымда қызмет атқарған жерлесіміз кіші лейтенанттан полковникке дейін көтеріледі. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып еңбек еткеннен кейін Владимир Павлович 17 жыл бойы облыстық мемлекеттік автоинспекция бөлімін басқарған. Бүгін кезінде өзі қызмет атқарған ғимарат қабырғасынан оның құрметіне арналып мемориалдық тақта ашылды.

Ішкі істер органдарының ардагері Евгений Райтенбах Владимир Богдановичтің қарамағында талай жыл жұмыс істеген. Талапшыл, тәртіпті алға қоятын басшы жас маманмен білгенімен бөлісіп, дұрыс бағыт-бағдар сілтей білуші еді дейді.

Евгений Райтенбах – ішкі істер органдарының ардагері:

– Мен институтты бітіре сала Владимир Богдановичтің қол астында жұмыс істеуге келдім. Ол барынша көмек көрсетіп, білмегенімізді үйретті. Біз үшін өте ерекше жан еді. Жұмыс кезінде, әрине, талапшыл болатын. Қызметкерлеріне ғана емес, өзіне де. Мұндай қасиетті әріптестері сол кісіден үйренді.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Владимир Павловичтің зайыбы Светлана Богданович те қатысты. Ол жолдасының еңбегі еленіп, оның құрметіне осындай іс-шара ұйымдастырған жандарға ризашылығын білдірді.

Светлана Богданович – Владимир Богдановичтің зайыбы:

– Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Себебі, жұбайым 35 жыл бойы Отанына адал еңбек етті. Бұл ісі бағаланып жатыр. Бұрынғы әріптестеріне, департамент басшылығына алғысымды білдіремін.

Владимир Богданович көзі тірі болса биыл 85 жасқа толар еді.

Дана Сәлімқызы