Білім

Мектептердегі оқу үрдісінің ұйымдастырылуы

Пандемия сабақ барысын ұйымдастыруға да өз әсерін тигізді. Қалыптасқан тәртіптен алшақтап, қауіпсіздік мақсатында  өзге шараларды қолға алуға тура келді. Қазір облыс көлеміндегі 477 мектептің 345-і  штатты режимде жұмыс істеуде. Мектеп қабырғасында білім алуға тек бастауыш сыныптарына ғана рұқсат етілген, қалғаны қашықтықтан оқып жатыр.

Бұл – “Дарын” мектеп-лицейінің 1-ші “А” сыныбы. Балғындар үзілісте дене жаттығуын жасап жатыр. Ортада – 15 шақты бала. Тағы осыншасы түстен кейін келіп, мына ұл-қыздардың іс-қимылын қайталайды. Ереже осындай. Карантинге байланысты қазір 1-ші екіге бөлініп оқып жатыр екен. Күніне 35 минуттан 4 сабақ өтеді. Сыныпқа білікті ұстаз Жанна Горбунова жетекшілік етеді.

Жанна Горбунова – “Дарын” мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Мен ұстаз боламын деп 3-ші сыныпта шештім. Бүгінде балалармен жұмыс жасап жатқаныма өте қуаныштымын. Оларға ерекше мейіріммен қараймын. Оқушылар сабақ барысында белсенділік танытып, тапсырмаларды бұлжытпай орындайды.

Үзіліс 5 және 15 минутты құрайды. Дәлізде, асханада, сыныпта арақашықтық сақталады. Партада 1 оқушыдан отырады. Мектеп табалдырығын бір апта бұрын ғана аттаған ұл-қыздар мұндай тәртіпке үйреніп кетіпті. Олар сабақтарын зор қызығушылықпен оқып жатыр екен.

– Тапсырмалар қызықты. Сұрақтарға да асыға жауап береміз.

– Мен сурет пен математика пәндерін жақсы көремін. Болашақта суретші болғым келеді.

Санитарлық талаптарға қайта оралайық. Білім ұясына кіреберісте температура өлшенеді. Нысан ішінде барлығы маскамен жүреді. “Қажетті заттың бәрі бар”,- дейді “Дарын” мектеп-лицейінің директоры Күлзағира Нұртаева.

Күлзағира Нұртаева – “Дарын” мектеп-лицейінің директоры:

– Біз мектепке снитарлық талаптарды сақтауға арналған заттардың бәрін алдық. Мысалы, санитайзерлер, жылу түсіргіш құралдар мен залалсыздандырылған төсеніштер әкелдік.

“Дарын” мектеп-лицейінде 45 кезекші сынып құрылыпты. Оларда 600-ден аса шәкірт оқуда. Шамамен тағы осынша бала қашықтықтан білім алуда. Бұл ұл-қыздардың 35-іне уақытша қолдануға мектептен ноутбук пен моноблоктар табыс етіліпті.

Бисенова Жанна