Білім

“Мектепке жол” акциясы аясында кезекті отбасы көмек алды

Кеңсе тауарлары, киім-кешек пен компьютерлер. “Мектепке жол” қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын  оқу жылының басында сыйлық беріп қуантады. Бүгін қазақ мектеп-гимназиясында кезекті жанұяға қолдау көрсетілді.

Манап Серікбаев – жалғызбасты әке. Ол 3 қыз мен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Айтуынша “Мектепке жол” акциясы – көпбалалы отбасы үшін әжептәуір қолдау.

Манап Серікбаев – қала тұрғыны:

– Бүгін менің балаларыма қысқы куртка, аяқ киім, жеңіл жейде мен оқу құралдары табыс етілді. Бұл заттарды алуға қаладағы бір кәсіпорын басшысы арнайы ақша бөлген екен. Ризашылығымды білдіремін.

Қазақ мектеп-гимназиясында республикалық “Мектепке жол” акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 73 оқушыға компьютерлер үлестірілді. Оның ішінде 30-ы – жаңа, ал қалғаны мектептің оқу кабинеттерінен беріліпті. Білім ошағының директоры Бұлбұл Ахмадиқызының сөзінше, сондай-ақ, мектептің кәсіподақ ұйымы атынан 2 жанұяның әрқайсысына 5 мың теңгенің кеңсе заттары табыс етілген.

Бұлбұл Ахмадиқызы – қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Осы акция барысында қалалық мешіттен мектебіміздегі 2 отбасына 2 ноутбук сыйға тартылды. Және де саяжай учаскесінде тұратын жанұяға мектептің 11-сынып ата-аналары тарапынан 30 мың көлемінде жәрдемақы беріліп, балаларға тәттілер тарту етілді.

Жалпы, облыс орталығында 37 орта мектеп бар. 26 мыңға жуық оқушының 2 мыңға жуығы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан. Бүгінге дейін “Мектепке жол” акциясы аясында 400-ден астам жеткіншекке қолдау көрсетіліпті. Қайырымдылық акциясы қазанның 1-іне дейін жалғаспақ.

Алтынай Қазиқан