Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың СҚО-ға жасаған іссапары

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Солтүстік Қазақстан облысына іссапармен келіп кетті. Өңірге мемлекет басшысы дәстүрге сай орақ науқанының нағыз қызған шағында ат басын бұрды. Осы орайда Президент алқап басында тындырылып жатқан шаруамен танысып, тұрғындармен жүздесті.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымын «Аби-Жер» шаруашылығының алқабына барып, күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысты. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы 4 млн гектардан аса жерге тұқым сіңірген болатын. Жылы ауа райын пайдаланып диқандар орақ науқанына білек сыбана кірісіп кеткен. Олар жердің берген ырыздығын шашпай-төкпей жинап алу үшін тырысып бағуда. Жаз ыстық, жауын-шашын аз болды. Сол себепті, аграрийлер әр гектардан 14 центнерден дән алуда. Бүгінде астықтың 75 пайызы қамбаға құйылған.

«Аби-Жер» шаруашылығы гектарына 25 центнерден астық алып отыр. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ең жоғары көрсеткіш. Былтырғы статистика 27 центнерді құраған екен. Мамандардың айтуынша олар мұндай нәтижеге минералды тыңайтқыш себудің арқасында қол жеткізіп отырмыз дейді.

Серіктестік басышысы техниканы жыл сайын жаңартып тұруға тырысамыз дейді. Қазір алқапта немістің «CLAAS» маркалы комбайндары жүйткіп жүр. CLAAS – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындардың бірі. Астықты өлкеге мұндай алдыңғы қатарлы ұйыммен тығыз әріптестік орнатқан өте тиімді. Осыған орай биыл Петропавлда аталған техниканы жинайтын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта жергілікті диқандар неміс тракторларын өз өңірімізден 50 пайыз арзан бағаға сатып ала алады.

Агроөнеркісіпті кешенге келетін болсақ, солтүстікқазақстандықтар бүгінде сүтті бағытқа екпін берген. Жоспар бойынша өңірде жыл сайын 15 сүт-тауарлы ферма іске қосылатын болады. Қазіргі күні олардың 1-еуі Чапаево селосында салынып жатыр. Кешен 720 басқа арналады. Президент өз Жолдауында еңбек өнімділігін арттыру қажет екенін айтып, нақты міндет қойды. Ал мұндай жаңа жобалар белгіленген мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл біз 10 нысанның құрылысын бастадық. Бұл – заманауи сүт-тауарлы фермалары. Ал келесі жылы тағы 15-ін салуды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, жыл сайын тұрақты түрде 2 ірі бордақылау алаңынан іске қосуды көздеп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еңбек өнімділігін 2 жарым есеге арттыру – жүзеге асыруға болатын жоспар. Сіздің баяндамаңызға сүйенсек, менің ойымша бұл тапсырманы орындауға болады. Тек істі дұрыс қолға алу қажет. Ал алға қойған міндеттерді орындай алмасақ, экономикамыз тұрақты алға баса алмайды.

Ауыда өмір сүру үшін ең бастысы жайлы баспана мен жеткілікті мөлшерде жалақы болуы қажет. Соңғы 3 жылда солтүстік өңірде ауылды жерлерде салынып жатқан баспаналардың саны 2 есеге өскен. Биыл мамандар 800-ге жуық тұрғынжай тұрғызуды жоспарлап отыр. Өткен жылы осы үйлерге жұмыс күші басым аймақтардан 2 мыңнан аса адам көшіп келді. Оңтүстіктен қоныс аударған ағайын жұмысқа орналастырылып, армандаған баспанасына қол жеткізген. Іссапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ел азаматтары жергілікті мәселелер бойынша Президентке немесе Үкімет басшыларына жүгінбеулері тиіс. Бұлай болған жағдайда облыс, аудан мен ауыл әкімдерінің не қажеті бар. Өз Жолдауымда айтқандай енді әкімдерді тұрғындар өздері сайлап, сол адамға шағымдарын жеткізетін болады.

Жалпы, облыстың инвестициялық ахуалы туралы айтатын болсақ, осы жылдың 8 айында бұл саладағы өсім 14 жарым пайызды құрады. Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығында көш бастап, өнеркәсіптің жаңа салаларын игеруде. Айта кеткен жөн, өңірде IT бағыты даму үстінде. Былтыр Петропавлдағы Киров атындағы зауыт компьютер құрастыруды қолға алған болатын. Қазіргі күні мамандар заман игілігінің 5 мың данасын жинап үлгерген.

Бердимурат Баймухан