МТРА жаңалықтары

“Adal business” атты диалог ұйымдастырылды

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді қолдау! Антикор орталығында “Adal business” атты диалог ұйымдастырылды. Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментінің мамандары, билік өкілдері мен іскер жандар бизнес саласында туындайтын мәселелер жайлы сөз қозғады. Тағы «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасының жүзеге асырылу барысы жайлы да айтылды.

– Мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек. Кәсіпкерлер шенеу­нік­тер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгінгені жөн.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті.

Елде кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар баршылық. Солардың ірілерінің бірі – «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасы. Оның аясында іскер азаматтар тап болған мәселелер шешімін табады. Мәселен, биыл 8 солтүстікқазақстандық аталған жоба аясында арнайы құжатқа қол қойып, Антикор орталығының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеу жайында келісім жасасқан.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Жобаға қосылып, құжатқа қол қойған кәсіпкерлерге заңды бұзбай өзін дұрыс ұстауға шақырамыз.Заңсыз қол сұғуға қатысты 10 факті тіркелді. Ветеринария саласында, жол бақылау инспекциясы, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты. Кәсіпкерлердің де өздері де пара берген жағдайлар болды.

Жиын барасында жергілікті кәсіпкерлер толғандырған сұрақтарын қойып, жауабын алды. Қағаз, қаңылтыр, шыны секілді тұрмыстық қалдық қабылдаумен айналысатын петропавлдық кәсіпорынның қосындары базар аумағында орналасқан. Карантин күшейтілген кезде үлкен сауда орындарымен қоса бұлардың кеңселері де жабылады екен. Татьяна Рудь қайталама шикізат қабылдайтын қосындарының жұмысын тоқтатпау туралы сұрай келіпті.

Татьяна Рудь – «LS Petropavlovsk» ЖШС директоры:

– Тұрғындар қайта өңдеуге жарайтын тұрмыстық қалдықтарды өткізіп, ақша алады. Бұл оларға да пайдалы емес пе? Пункттерде санитарлық талаптардың барлығы сақталған. Карантин кезінде олардың жабылмағанын сұраймыз.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл індеттің таралуын тежеу мақсатында қабылданатын шара. Қосындарыңыз адам көп жиналатын жерлерде орналасқан. Есесіне, карантин кезінде сіздердің ең ірі деген кеңселеріңіз жабылмайды ғой. Егер мүмкіндік болса дамыған елдердегі секілді пункттеріңізді қоқыс полигондарының жанынан ашуға болады.

Бұл мәселені жергіліктті билік өкілдері алдағы уақытта мамандармен кеңесіп, қарастыратынын айтты.

Маржан Касымбек