МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Президент Солтүстік Қазақстандағы орақ науқанының барысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев іссапармен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Өлкеге Президент дәстүрге сай орақ науқанының нағыз қызған шағында ат басын бұрды.

Мемлекет басшысы «Аби жер» серіктестігінің егістік алқабын аралап, танап басындағы шаруа барысын бағамдады. Аймақ диқандарымен әңгіме барысында ол Солтүстік Қазақстанның астықты өлке ретінде маңыздылығын еске салып, шаруалардың басты мақсаты – алтын дәнді төкпей-шашпай түгелдей жинап алу екенін атап өтті. “Дақылдарды әртараптандыру өте маңызды, әсіресе, экспортқа шығару үшін қажет. Біздің нарығымыз өте үлкен. Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады”,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Облыс әкімі мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешеніндегі тың бастамаларды баян етті. Құмар Ақсақалов өңірде агросекторды әртараптандыру жұмысының қызу жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде майлы дақылдар сіңірілген алқаптар көлемінің 1 млн гектарға жуықтағанын айтты. Одан қалды облыс – минералды тыңайтқыштарды пайдалану бойынша елде көшбасшы. Биыл 2 млн гектардан астам аумаққа 130 мың тонна сіңіру жоспарланған. Сонымен қатар, облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші біршама артқан. Ал алдағы уақытта «CLAAS» неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастырмақ. “Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандардың мол астықты дер кезінде жинап алуына тілектестік білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі” – делінген Ақорданың ресми сайтында.

Саят Ермек