Білім

Kozybayev University-дің жатақханасына студенттер қабылданып жатыр

Қозыбаев университетінің жатақханасына  студенттер қабылданып жатыр. Жастарға арнап білім ордасының басшылығы 2 бірдей нысанды әзірлеп қойған. Бүгіннің өзінде 150-ден астам адам орналасыпты.

Шамамен 3 апта бұрын жергілікті университет интернеті жоқ, болғанның өзінде нашар істейтін ауылдарда тұратын студенттердің жатақханада тұруына рұқсат етті. Мұндай елді мекендерде өмір сүретін ұл-қыздар өтініштерін онлайн жазып, тамыздың 28-нен бастап студенттердің уақытша баспанасына көшуіне мүмкіндік алды. Мәселен, 3-ші жатақханаға бүгінде ондаған адам келіпті.

Аян Зариф – Kozybayev University әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім маманы:

– Студенттер әр өңірден келіп жатыр. Оңтүстік, солтүстік, батыстан келгендер де бар. Олар онлайн тіркеуден өтті. Мәліметтерді деканатқа береді. Біз тізім бойынша қараймыз. Одан соң жатақханаға орналастырамыз.

Жатақханада жастарға арналып барлық жағдай жасалған. Нысанның бірінші қабатындағы оқу залына 10 компьютер қойылыпты. Олар тегін интернетке қосылған. Сабаққа қажетті оқу құралдары жоқ студенттер осында келіп оқуларына болады. Жақсыбек Наширов таңнан кешке дейін дәріс тыңдайды. Қарағандылық жігіт жоғарғы медицина мектебінің 3-ші курсында білім алады екен.

Жақсыбек Наширов – Kozybayev University студенті:

– 4 орындық бөлмеде 2 адам тұрамыз. Сабақтың 70 пайызы қашықтықтан өтеді. Көпбалалы отбасының балаларына компьютер береді.

Жақсыбек лекция басталған кезде компьютердің жанына жайғасады. Ал практиканы 2-ші оқу корпусына барып өтіп жүр.

Жақсыбек Наширов – Kozybayev University студенті:

– Лаборатория сабақ кезінде барлық санитарлық талаптарды сақтаймыз. Әр партада жекеден отырамыз. Сабақ кезінде маскамен отырамыз. Кіреберісте дене қызумызды өлшейді.

Тек университетте ғана емес, жатақхананың өзінде де қатаң ережелер бекітілген. Студенттерге дәріхана, азық-түлік дүкендерінен басқа жерге баруларына тыйым салынған. Мұндағы мамандар жағдайды күн сайын зерделеп, жіті бақылап отырады екен.

Аян Зариф – Kozybayev University әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлім маманы:

– Санитарлық талаптар сақталған. Бір бөлмеге 2 студент жатқызылады. Студенттер бөлмелерінен шықпайды. Шыққанның өзінде маска тағып жүреді. Әр қабатқа антисептиктер қойылған.

Бүгінде жоғарғы оқу орнының екі бірдей жатақханасында 158 студент тұрып жатыр. Ескере кететін жайт, қыз-жігіттер ай сайын тиісті мөлшерде ақша төлейді. Ақылы түрде оқитындар – 10 мың, грант иегерлері 4 мың береді.

Маржан Қасымбек