Мәдениет

Карантиннен кейінгі алғашқы концерт

Көптен күткен сәт. Жергілікті әртістер қатаң карантиннен кейін сахна төріне қайта оралып жатыр. Кеше облыстық филармонияда “Акварели осени” атты “Мәңгілік” би ансамблінің жеке концерті өтті. Кеште филармония солистері де өнер көрсетті.

Сахнада – мың бұрала қазақтың ұлттық биі “Қара жорғаны” билеп жатқан “Мәңгілік” би ансамблі. Ұжым 20 адамнан тұрады. Соның 16-сы қазір өздерін асыға күткен көрермен алдында өнер көрсетуде. Көптің арасында Карина Самудинова да бар. Оның хореграфиямен айналысып жүргеніне 17 жылдан асқан екен. Айтуынша, карантинге байланысты жарияланған ұзақ үзілістен кейін сахнаға шығу – зор қуаныш.

Карина Самудинова – “Мәңгілік” би ансамблінің бишісі:

– Сахнаны қатты сағындым. Мен үшін көрермендердің қуанышты жүздерін көру – үлкен бақыт. Халықты таңқалдырып, қуанту үшін біз күнде жұмыс жасаймыз.

Құрылғанына биыл 3 жыл толатын ансамбльдің өзіндік ерекшелігі бар. Ұжымда түрлі ұлт өкілі би билейді. Бұл да елдегі, өңірдегі ұлтаралық тұрақтылықтың, достықтың белгісі іспеттес. Шығармашылық топқа өлкемізге аса танымал Михаил Лахтин жетекшілік етеді. Балетмейстерлік қызметке 37 жылын арнаған майталман сегіз қырлы, бір сырлы жастар бүгінгі концертке тыңғылықты дайындалды дейді.

Михаил Лахтин – “Мәңгілік” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Карантин кезінде қашықтықтан жұмыс істедік. Қазір қалыпты режимде еңбек етудеміз. Бүгін бірнеше айға созылған шектеу шараларынан кейін алғаш рет ағайынмен жүздесіп отырмыз. Сондықтан, қызу дайындалдық. Біздің мақсат – әрқашан көрерменнің көңілінен шығу.

Салтанатты кеште “Мәңгілік” би ансамблі 25 би биледі. Сондай-ақ, облыстық филармонияның солистері де өнер көрсетті. Олар құлақтың құрышын қандыра ән шырқап, жерлестеріміздің ыстық ықыласына бөленді.

–  Карантиннен кейін үлкен мерекеге бірінші рет келіп отырмыз. Концертке анаммен бірге келдік.

– Бұл ансамбльді жақсы көремін. Концерттерін жібермеуге тырысамын.

–  Ансамблдің әр кешіне отбасыммен келемін. Өнерлері үстем болсын!

4-ші қазанда “Мәңгілік” би ансамблі көрерменмен қайта жүздеспек. Бұл күні талантты жастар мерейтойлық кеш ұсынады. Айта кеткен жөн, облыстық филармония санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отыра жұмысын қайта жандандырды. Мұнда келесі концерт алдағы аптаның сәрсенбісінде өтеді. Онда “Әдемі-ау” және “Туған жер” би ансамбльдері өнер көрсетпек.

Жанна Бисенова