Спорт

Өңірде секіртпемен секіруден онлайн сайыс бастау алды

Қос аяқтап, сыңар аяқтап, алма-кезек секіру. 10-шы қыркүйектен / облысымызда секіртпемен секіруден жарыс бастау алды. Оған балалар мен ересектер қатыса алады. Бүгінде ерекше сайысқа Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушылары тыңғылықты дайындалып жатыр. Әзірлік барысы жайлы әріптесім әңгімелесін.

Бұл – Юрий Гагарин атындағы №14 орта мектебінің спорт алаңы. Қазір мұнда оқу ошағының ұл-қыздары секіртпе, яғни скакалкамен түрлі жаттығу жасауда. Дене шынықтыру пәні мұғалімі шәкірттердің іс-әрекетін мұқият бақылап тұр. Жастар таза ауада жайдан-жай тер төгіп жатқан жоқ. Олар облыстық сайыстарға дайындалуда. Олег Калмыковтың айтуынша, алдағы уақытта қаламызда секіргішпен секіру бойынша бірнеше жарыс өткізілмек.

Олег Калмыков – Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Елдегі шектеу шараларына байланысты жарыстар онлайн форматта өтеді. Яғни, балалар жаттығу жасап жатқан сәтін видеоға түсіргізіп, “WhatsApp” және “Telegram” мессенджерлері арқылы ұйымдастырушыларға жібереді. Видеоның уақыты 30 секундтан аспауы тиіс.

Балалар аптасына ашық аспан астында 3 рет бас қосады. Жаттығу кезінде карантин қағидалары қатаң сақталады екен.

–  Бізге бұл спорт түрі өте ұнайды.

– Мен бұған дейін секіртпеден секіру жарыстарына қатыстым. 3-ші орын алдым.

Алдағы сайыстарға балалардан бөлек, кез келген жастағы ата-аналар да қатыса алады. Қазір олардың кейбірі ұл-қыздарымен бірге жаттығу жасап жүр екен. Солардың бірі – Елена Космок. Азаматша секіртпені күнде қолыма алып, жаттығамын дейді. Белсенді қозғалыс денсаулыққа пайдалы.

Елена Космок – ата-ана:

– Менің қызым – секіртпемен секіруден облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегері. Мұндай жоғары жетістікке жетуге өзім ауқымды үлес қостым деп санаймын. Өйткені, мен оны бала күнінен спорттың осындай түріне баулыдым. Қазір екеуміз де жарыстарға қызу дайындалып жатырмыз. Жеңіске жетуге барымызды саламыз.

Сөз соңында мынандай қызықты фактіге тоқталайық. Көбінесе секіртпемен секіру жарыстарында қыздар жеңіске жетеді екен. Жалпы, Қазақстанда мұндай ерекше сайыстарды өткізу үрдісі жақында ғана бастау алыпты.

Алтынай Казиканова