МТРА жаңалықтары

«DAMU» қорынан қолдау көрген жандар

Биыл «DAMU» қоры солтүстікқазақстандықтарға 12 млрд теңге көлемінде қаржы берген. Бұл сома кәсіп бастап жатқан және ісін дамытамын деген жерлестерімізге жеңілдетілген несие ретінде үлестірілді. Мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтар қазіргі күні қызмет көрсету, өндіріс пен өңдеу салаларында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Олардың бірқатарымен бүгін біз жүздесіп қайттық.

Баспасөз туры «Strong Service» цехынан басталды. Бұл – Петропавлдағы метал конструкциясын өндіретін кәсіпорын. Қаладағы балалар алаңқайында тұрған жаттығу құралдары мен көшедегі спорттық тренажерлердің барлығы осы жерде жасалады. Кәсіпорынның жұмысы, шығарылып жатқан өнімнің көлемі де жыл сайын дамып, ұлғайып келеді. Бұған «DAMU» қаржылай қолдау қоры жақсы серпін беруде дейді серіктестік директоры Елена Бондаренко.

Елена Бондаренко – «Strong Service» ЖШС директоры:

– “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында «Даму» қорынан биыл 6 пайыздық үстемеақымен несие алдық. Қолға тиген 32 млн теңгені жаңа техника алуға жұмсадық. Яғни, жүк тиегіш трактор сатып алық. Несиені 5 жылда төлеуіміз қажет. Сондай-ақ, былтыр да аталған ұйымнан 60 млн теңге қарыз алған едік, ол берешегімізден құтылдық.

Қазіргі күні кәсіпорында 40-қа жуық адам еңбек етуде. Жанат Ысқақов цехта – бригадир. Қызмет етіп жатқанына 10 жылдай болыпты. Темірден түйін түйген азамат металдан кез келген затты жасай аламыз дейді.

Жанат Ысқақов – «Strong Service» ЖШС бригадирі:

– Қазіргі күні балалар алаңқайына қажетті дүниелерді әзірлеп жатырмыз. Іске қажетті аспаптардың барлығы бар. Олардың көмегімен шаруа тезірек атқарылады. Жалақымыз жақсы. Айына 100 бен 120 мың теңге аралығында аламыз.

Сонымен қатар, серіктестік мүгедектерге арналған арба жасаумен де айналысады екен. Бүгінде шаруаның 80 пайызы цехта атқарылады. Мамандар бұл бағытты толық қуатта меңгеру үшін келесі жылы қосымша құрылғылар сатып алғымыз келеді дейді. Ол үшін тағы да “Даму” қорына жүгініп, несие рәсімдеуді жоспарлап отыр. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында қолдауға ие болып, кәсіптерін дамытып отырған жандар жетерлік. Жерлестеріміз стоматология саласында да еңбек еуде. Олар несиеге алған заманауи қондырғылардың арқасында халыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр. Араларында несиеге монша тұрғызып жатқандары да бар.

Алтынай Сатина – кәсіпкер:

– Былтыр қалада қоғамдық монша ашамын деп шештім. Қалтамда ақшам болса да ол ойымды жүзеге асыруға жетпеді. Сол себепті, “Даму” қорына жүгіндім. Кейін «Еңбек» бағдарламасы арқылы бизнестің қыр-сырын меңгеріп болған соң мемлекеттен қаржылай қолдауға қол жеткіздім. Несиеге алған 15 млн теңгеге қажетті қондырғы сатып алдым. Қазіргі күні мұнда 10 адам жұмыс жасайды. Ал монша бір ретте 50 адамға дейін қабылдай алады.

Үнемді әрі тиімді. Экологиялық отын жыл өткен сайын көмір мен ағаштың орнын алмастыруда. Қазіргі күні «Агро Профи» компаниясы Сергеевка және Булаево қалаларындағы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Яғни, польшалық биоқазандықтарды орнатумен айналысады. Бұл да мемлекеттік қолдаудың аясында жүзеге асып отыр дейді серіктестік директоры Николай Денисов. Маман былтыр «Даму» қорынан 117 млн теңге несие алған.

Николай Денисов – «Агро Профи» ЖШС директоры:

– Булаево қаласындағы 4 мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудандық аурухана мен 3 тұрғын үй биоқазандық арқылы жылытылады. Сондай-ақ, Сергеевкадағы 3 мектеп табиғи отынды пайдаланады. Және жыл соңына дейін Петропавл қаласында да бірнеше жобаны жүзеге асырмақшымыз.

Жалпы, биыл «Даму» қоры солтүстікқазақстандықтарға 12 млрд теңге көлемінде қаржы берген. Мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтар қазіргі күні қызмет көрсету, өндіріс пен өңдеу салаларында кәсіптерін дөңгелетіп отыр.