ҚоғамЭнергетика

2-ші ЖЭО-ында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Өңірде тамыздың 15-інен электр энергиясы қымбаттады. Бірақ, бұл шешіммен қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері келіспей, өз наразылықтарын білдірген болатын. Бүгін жылу өндіруші компания мамандары кеңес өкілдеріне 2-ші ЖЭО-да экскурсия ұйымдастырып, ондағы жаңғырту жұмыстарымен таныстырды. Және тарифтің не себепті өскенін түсіндірді.

Ең алдымен, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелеріне жылу өндіретін нысанның аумағында орнатылған электрмен жабдықтаушы қондырғылар көрсетілді. Бүгінде станция 220 мегаватт қуат өндіреді, оның 144-ін солтүстікқазақстандықтар тұтынады. Қалғаны Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесіне сатылуда. Естеріңізге сала кетейік, Петропавл 2-ші жылу электр орталығында 2009 жылдан бері жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Егер 11 жыл бұрын мұндағы жабдықтардың тозуы 89 пайызға жетсе, бүгінде көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Биыл да бірнеше қазандық күрделі жөндеуден өткізіліп, турбоагрегаттар жаңартылыпты.

Кейін, қоғамдық кеңес өкілдері орталықтың ашық тарату құрылғысының жұмысымен де танысты. Үстіміздегі жылы мұнда 35 және 110 кВт-тық ашық тарату құрылғысы қайта құрылған. Сондай-ақ, 7 трансформатордың 6-уы ауыстырылыпты. Енді соңғысы келесі жылы жаңартылады екен. Бұның барлығына қомақты қаражат жұмсалып жатыр.

Вадим Ягодин – Петропавл 2-ЖЭО бас инженерінің міндетін атқарушы:

–  Жабдықтардың бағасы жыл сайын қымбаттайды. Сондықтан, биыл тариф те көтерілді.

Мұндағы мамандардың сөзінше тарифтердің өсуіне жаңа жабдықтар ғана емес, сонымен қатар отын мен тасымалдау қызметтерінің қымбаттауы да әсер еткен көрінеді.

Игорь Татаров – “СевКазЭнерго” АҚ бас директоры:

-Отынның құны жылдан-жылға өсуде. 2020 жылы электр энергиясының шығындары 2,2 есеге артты. Ал “КЕГОК” АҚ қызметінің құны 23 процентке, көмір және тасымалдау қызметі 13 процентке қымбаттады.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында “СевКазЭнерго” 1 жарым млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Енді жаңа тариф есебінен шығын орны толтырымақ дейді мамандар. Бірақ, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері мұндай шешімді қолдамай отыр. Олардың пікірінше мұндай түйіткілді тұтынушылардың есебінен шешуге болмайды.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Яғни, энергетикаға қажетті үлкен салымдарды бірінші кезекте мемлекет өз мойнына алуы тиіс. Бүгінде электр энергетикасына қатысты заңды өзгерту туралы жоба қаралып жатыр. Негізгі жүктемені жергілікті бюджетке аудару қажет.

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аталған мәселеге қатысты жақын арада тиісті хат жазып, жоғарыға жолдайтындықтарын жеткізді.

Ешкенова Дана