МТРА жаңалықтары

Жергілікті университеттің әскери кафедрасына 12 қыз оқуға қабылданбақ

Ұлдармен қатар қыздарға да “запастағы лейтенант” шені беріледі. Биылдан бастап жергілікті университеттің әскери кафедрасы бойжеткендерді оқуға қайта қабылдамақ. Үстіміздегі жылы 50-ден аса бұрымдыдан өтініш түсіпті. Олардың 12 арнайы комиссияның қатысуымен іріктелініп алынатын болады.

Карина Финк – жергілікті университеттің екінші курс студенті. Оның асқақ арманы – оқуын аяқтаған соң, еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету. Алға қойған мақсатына жету үшін 19 жастағы бойжеткен білім ордасындағы әскери кафедраға түспек ниетте.

Карина Финк – Kozybayev University студенті:

– Биыл әскери кафедра қыздарды қайта қабылдайды дегенді естідім. Бірден бағымды сынап көруді шештім. Ол үшін барлық құжаттарды жинадым. Енді арнайы нормативтерді тапсырамыз. Өзіме сенімдімін. Оқуға қабылданып, жауапты саланың бүге-шүгесін меңгеремін деп ойлаймын.

Естеріңізде болар, бұған дейін “Kozybayev University”-дің әскери кафедрасында ұлдармен қатар қыздар да білім алды. Алайда өткен жылы бұрымдылардан тұратын топ жинақталмады. Сол себепті арулар оқуға қабылданбады. Есесіне, биыл 12 бойжеткен қабылданбақ. Қыздардың барлығы ақылы негізде оқитын болады.

Шайзатхан Абжапбаров – Kozybayev University әскери кафедрасының бастығы:

– Біздің кафедрамызға қыздарды қабылдау басталды. Биылдан бастап запастағы офицерлерді даярлаймыз. Толық оқып болғаннан кейін, бойжеткендерге “запастағы лейтенант” әскери атағы беріледі.

Айта кетейік, 12 қыз көп ішінен іріктеліп алынбақ. Алдымен арнайы құрылған комиссия бойжеткендердің медициналық қорытындыларын тексереді, психологиялық тестілеуден өткізеді. Кейін, үміткерлер дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер тапсырады. Нормативтер жалпыға ортақ. Яғни, ұлдар да, қыздар бірдей тапсырмаларды орындайды.

Шайзатхан Абжапбаров – Kozybayev University әскери кафедрасының бастығы:

– Қырқүйектің 10-ы мен 30-ы аралығында қыздар медкомиссиядан өтеді. Ал қазанның 1-нен 10-на дейін емтихан өткіземіз.

Жалпы биыл әскери кафедраға 133 студент қабылданбақ. Оның 67-сі тегін білім алатын болады.

Дана Ешкенова