Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жарты жылда ӘМСҚ 157 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген

Қаңтар-маусым айлары аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірімізге 3,4 млрд теңге бөліпті. Бұл қаражаттың басым бөлігі стационарларға бағытталған екен. Компьютерлік томография мен МРТ қызметі үшін де біршама ақша аударылыпты.

Алдымен республикалық статистиканы тілге тиек етейік. Қор алғашқы 6 айда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер үшін 157 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген. Төлем жайдан-жай жүргізілмейді. Қызметтердің сапасы мен көлеміне бақылау жүргізілгеннен кейін ғана ақша аударылады. Мәселен, өлкемізге 3,4 млрд теңге бағытталыпты.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Нақты жарты жыл бойынша шығындардың көбі стационарлық медициналық көмекке жұмсалды. Ол үшін 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 1 млрд теңге бөлінді.

Ақшаның басым бөлігі стационарларға бағытталғаны баршаға түсінікті. Індет әлекке салғанда аталған емдеу орындарында 630 мыңнан аса қазақстандық мамандардың көмегіне жүгініпті. Келесі кезекте – консультативтік-диагностикалық көмек.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– 42 млрд консультативтік-диагностикалық көмекке жұмсалды. Негізінен, компьютерлік томография мен МРТ-ның қызметін өтеуге бағытталды. Елімізде 101 мыңнан астам МРТ қызметі көрсетілсе, СҚО бойынша 226 млн теңгеге 6 мың қызмет көрсетілді. 4 мың қызмет МӘМС пакеті шеңберінде.

Сонымен қатар, жарты жыл ішінде елімізде 3 млн-нан астам стоматологиялық, 2 млн-ға жуық рентген және 1,6 млн-нан астам УЗИ диагностика қызметтері көрсетіліпті. Олардың жалпы құны 15 млрд теңгеден асады.Тағы, 50 мыңнан астам қазақстандық медициналық оңалтудан өткен. Оған 11 млрд теңгеден аса қаражат бөлініпті. Және осынша қаржыға 4 мыңға жуық отандасымыз жоғары технологиялық ем алған екен.

Саят Ермек