Қоғам

СҚО-да аң аулау маусымы жүріп жатыр

Аң аулау маусымы басталысымен Солтүстік Қазақстан облысында 15 заң бұзушылық фактісі анықталған. Яғни, жерлестеріміз жануарларды рұқсат қағазынсыз атқан екен. Ал жолдамамен жүрген аңшылар болса, қанжығаға байлаған олжаларын табиғат жанашырларына апарып тіркетпепті. Мамандардың айтуынша мұндай әрекет үшін әкімшілік жазаның ең кемі 14 мың теңгені құрайды.

Өңірге күз де келіп жетті. Бұл уақытта өлкемізде аңшылық маусымы ашылады. Яғни, аңшылар қауымы көл жағасы мен орманға жол тартып, уақыттарын қызықты өткізеді. Осы орайда айта кетейік, қызыққа батып, белгіленген заң шеңберінен шығуға болмайды.
Осыған орай мамандар жерлестерімізге нормативтік-құқықтық актіге енгізілген өзгертулерге құлақ асуларын сұрайды. Мәселен, бұрын мылтық ұстаған ағайынның 1 тәулікте ататын аңының саны 5-еуден аспау керек еді. Енді бұл шектеу алынып тасталды.

Олег Беспалов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Енді жолдамада қанша аң атуға рұқсат бар болса, тәулігіне сонша аулай аласыз. Шектеулер алынды. Сондай-ақ, бұрын азаматтарға елді мекеннен 3 шақырым жерде мылтық атуға рұқсат етілмеген. Биылдан бастап бұл тұжырымдама сәл өзгерді. Аңшылар адамдарға қауіп келтіретін радиуста оқ ата алмайды.

Сонымен қатар, көктемгі аң аулауға қойылған тыйым да өз күшін жойды. Яғни, жерлестеріміз келесі жылы қардың көбесі сөгіле сала аңға шығуларына болады. Жалпы, күз басталысымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған жандар да кездесіпті.

Олег Беспалов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Аңшылық маусымы басталысымен біз рейдтік шараларды қолға алдық. Алғашқы күндерден-ақ заңды елемеген 15 адамды ұстадық. Көбінесе олар түз тағыларын жолдамасыз аулаған және ұстаған аңдарын тіркемеген. Яғни, азаматтар үйрек, қаз, немесе басқа да құс пен аңды атып алғаннан кейін оның саны мен түрін қорықшыларға барып белгілеулері тиіс.

Мамандар заңды елемеген азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салған. Жалпы, қазіргі күні түлгі, қарсақ, елік пен қоянды атуға болмайды. Оларды тек қараша айынан бастап қана аулауға рұқсат.

Бердімұрат Баймұқан