Құқық қорғау органдарыЕрiктiлер

Петропавлда еріктілер 40 қылмыстың бетін ашуға көмектескен

40 қылмысты әшкерелеуге көмектескен. Қалалық полиция басқармасының жасағына 60-тан аса ерікті кіреді. Биыл белсенді жастардың көмегімен тәртіп сақшылары біраз істің басын қайырыпты. Осы орайда мамандар қоғамдық тәртіпті қадағалауда тәжірибе жинаған жастарды болашақта қызметке алғымыз келеді дейді. Яғни, заңгер мамандығына оқып жүрген студенттер оқуларын аяқтаған соң ішкі істер органдарына жұмысқа орналаса алады.

Жасақ 25 пен 30 жас аралығындағы қыз-жігіттерден құралған. Олардың басым бөлігі – жоғарғы оқу орны мен колледжде білім алып жатқан студенттер. Болашақ заңгерлер – бізге жақсы қолғанат дейді тәртіп сақшылары. Полицейлер жастармен бірлесе бірнеше бағыт бойынша ауқымды іс-шара атқарған. Көктемде енгізілген карантин кезінде қарттарға көмектесу, нашақорлықтың алдын алу, бейнекамералардан тәртіпті қадағалау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды жұмыстар осы еріктілердің арқасында әлдеқайда тез жүзеге асады екен.

Сәбина Сұлтанова – ерікті:

–  Біздің мақсатымыз – нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ, халықты төтенше жағдайлардан қорғау. Біз Петропавл қаласында құқықтық тәртіпті сақтауға тартыламыз. Пробация есебінде тұрған азаматтарды, кәмелетке толмаған азаматтардың істері жөнінде инспекторлармен бірлесіп, қайта әлеуметтендіру процестеріне қатысамыз.

Қуанышқа орай өңірде карантиндік шектеулер біртіндеп жеңілдеп келеді. Алайда, бұл босаңсу керек дегенді білдірмейді. Еріктілер індеттің алдын алу жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Олар жаз бойы Петропавл тұрғындарына қауіпсіздік ережелері жазылған жаднамалар таратыпты. Айта кеткен жөн, жастардың көмегімен жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті бұзған 600-ге жуық тұлға анықталған.

Арман Қабдулин – Петропавл қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Камералар арқылы: ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу, темекі тарту, абаттандыру қағидаларын бұзу, белгіленбеген жерлерде иттерді серуендету сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталуда. Мұндай факті тіркелген жағдайда еріктілер учаскелік инспекторға ақпарат береді. Ал полиция қызметкері оқиға орнына барып, кінәлілерге қатысты шара қолданады.

Еріктілер жасағында еңбек еткен белсенді жастар биыл полицейлерге көмек беріп қана қоймай, өздері қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша да мол тәжірибе жинады. Осыған орай тәртіп сақшылары оқуын тәмамдаған жас заңгерлерді ішкі істер органдарына қызметке қабылдаймыз дейді.

Бердимурат Баймухан