Мәдениет

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры күрделі жөндеуден өтуде

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа мемлекеттік бағдарлама аясында 212 млн теңге бөлініпті.

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының іргесі 65-ші жылы қаланып, 73-те қолданысқа берілді. Содан бері мәдениет ошағы бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген. Тек ағымдағы шаруалар ғана атқарылыпты. Ал жақында өнер ұжымы көптен күткен қалыпқа келтіру жұмыстары бастау алды.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Шаруа шілде айының 20-сынан басталды. Күрделі жөндеуді “Miras Group” серіктестігі жүргізуде. Ағымдағы жұмыстарды «Сан-электромонтаж» атқаруда.

Алдағы уақытта нысанның келбеті біраз өзгермек. Ғимараттың сыртына ілінген шамдар алынып, орнына осындай ерекше стильдегі темір қойылады. Сондай-ақ, кіреберістегі есіктер толығымен ауыстырылмақ. Ал ішкі қабырғалар ақ, сұр және көк түстерге боялады. Әдетте, тұрғындар мәденит ошағына кірген кезде қайнаған тіршіліктің белгісі іспеттес дүниелерді тамашалағанды жаны сүйеді емес пе?! Десе де, бұл тек жобаның қағазға түсірілген нұсқасы ғана. Шын мәнінде ғимараттың қалай боларын тек жұмыс аяқталған соң ғана біле аламыз.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Театрдың екінші қабатында үлкен фойе, гардеробқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Және көрермендер залына бірқатар өзгерістер енгізіледі.

Қазір жергілікті кәсіпорындардың мамандары бірнеше топқа бөлініп жұмыс істеуде. Бірі нысанның қасбетін арнайы материалмен көмкеруде. Бұл дүние келбетті ашып қана қоймай, қыста жылу да сақтап тұрады екен.

Ал мұндағы жұмысшылар бірінші қабаттың төбесі мен еденін ауыстыруда. Жалпы, бұл шаруаларды атқаруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 212 млн теңге бөлініпті.
Өнерсүйер солтүстікқазақстандықтар ерекше стильде орындалып жатқан жөндеу жұмыстарын қараша айында бағалай алады.

Маржан Қасымбек