МТРА жаңалықтары

Арнайы жәшік болмаған соң қоқысты аулаға үйген

“Үйдің ауласы 2 аптаның ішінде қоқыс орнына айналды!”. Жуырда  біздің арнаға осындай шағыммен қала тұрғыны хабарласты. Айтуынша маңайда қоқыстан жүретін жол қалмаған. Тұрмыстық қалдықты соншалықты кім бей-берекет шашады, кім оны шығаруы керек? Мәселенің мән-жайын білу үшін біз жергілікті тұрғындармен тілдесіп, жауапты қызмет өкілдерінің де пікірін тыңдадық.

Назарбаев пен Исмаилов көшелерінің қиылысындағы көрініс. Аумақта қоқыс шашылып жатыр. Мұндағы мән-жайды білу үшін тұрғындармен тілдестік. Олар екі апта бұрын бұл жердегі жалғыз контейнерді коммуналдық қызмет өкілдері алып кеткенін айтады. Содан бері қалалықтар қалдықтарды осы маңға жинап жатыр екен. Үйіндіден шығатын жағымсыз иіс қолқаны қабады. Маңайда тұрмақ түгілі, жүру мүмкін емес.

Юлия Скордунова – қала тұрғыны:

– Күнде таңертен баламды осы қоқыс үйіндісінің маңайымен балабақшаға апарамын. Жағымсыз иіс мұрын жарады. Оған қоса, таяқ тастам жерде көкөніс пен жеміс-жидек сатылады. Бұл қалай болғаны? Мәселені шешу қажет. Іске жауапты мамандар бір шара қолданса екен.

Бірақ, көшедегі жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі екендігін айта кеткен жөн. Мұны олар жасырмайды. Сөздерінше, қоқыс шығару үшін ешкім ақша төлемепті. Оның себебін жерлестеріміз былай түсіндірді.

Вера Дядок – қала тұрғыны:

– Осы жерде тұрған жалғыз қоқыс контейнеріне 20 емес, 200-ден астам үйдің тұрғындары қалдық тастады. Соңында олардың көбі ақша төлеуден бас тартты. Мұның нәтижесінде контейнерді коммуналдық қызмет өкілдері алып кетті. Біз төлем жасаудан үзілді-кесілді қашып отырған жоқпыз. Тек әр көшеге контейнер қойылып, адамдармен келісім-шарт жасалғанын қалаймыз. Сонда ғана бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.

Бұл жердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға “Коммунхоз” серіктестігі жауапты. Кәсіпорын мамандары төлем және келісім-шарт жасасу жайлы тұрғындарға бірнеше рет ескертіпті. Сонда олардың көбі біз қоқыс тастамаймыз, барлығын пешке жағамыз деп жауап берген екен. Сондықтан коммунхоздықтар 3 ай бойы қалдықтарды өз ақшаларына шығарыпты.

Мұхит Молдахметұлы – “Коммунхоз” ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бөлімінің басшысы:

– Тұрғындар қоқыс шығармаймыз деп бізбен келісім-шарт жасасқан жоқ. 3 ай бойы қоқыс контейнеріміз тұрды, қалдық тасталды. Ал қалдықтарды қоқыс полигонына апарған кезде, ақша төлеуіміз керек. Халықтан ешқандай ризашылық болмағасын, ондағы контейнерді алып тастадық.

Дегенмен, “Коммунхоз” серіктестігі арнамызға шағымданған тұрғындармен келісім орнатуға дайын. Ол үшін алдымен тұрғындар өзара келісімге келіп, өтініш білдірулері қажет. Содан соң шашылған қоқыс та жиналады, контейнер де қойылады.

Дана Ешкенова