Құқық қорғау органдары

СҚО-да мас күйде әрі заңсыз аңшылық құрған ер адам ұсталды

Мамлют ауданына қарасты Дубровное ауылынан екі шақырымдай жерде “LADA Granta” көлігін масаң күйде басқарған азамат ұсталды.

Құрықталған жүргізуші 33 жастағы Дубровное селосының тұрғыны болып шықты. Көлікті тінту кезінде жүксалғыштан 3 бірдей тегіс ұңғылы қару, 18 дана оқ-дәрі және екі жабайы үйрек табылды. Жерлесіміз қанаттыларды атып алыпты. Тексеру барысында мылтықтардың бірде-бірінде тиісті құжаттардың, ал заңбұзушыда аңшылық билеттің жоқтығы анықталды. Осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Азаматтың айыпты екені нақты анықталса, ол мас күйде көлік тізгіндегені үшін 15 күнге қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал қаруды заңсыз сақтағанына – 20, үйректерді атқаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Алтынай Казиканова