МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ғ.Мүсірепов ауданында болды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов ауданында болды. Өңір жетекшісі алдымен орақ науқанының барысымен танысты. Бүгінге дейін жергілікті диқандар астықтың 70 пайызын жинап үлгеріпті. Мал шаруашылығында да оң өзгеріс байқалады. Қазір ауданда заманауи сүт фермасы тұрғызылып жатыр.

Биыл Ғабит Мүсірепов ауданының диқандары 712 мың гектардан астам жерге дән сіңіріпті. Орақ науқанына ерте кіріскен аграрийлер күзгі жиын-терім жұмыстарын аяқтауға жақын. Аудан бойынша бүгінде егіннің 70 пайыздан астамы орылды. Алқап басында диқандармен тілдескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов еңбек өнімділігін арттыру қажеттігін айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Алдағы 5 жылда еңбек өнімділігін 2 жарым есеге арттыруымыз қажет. Жердің пайдасын көру үшін минералды тыңайтқыштарды көбірек сіңіру керек. Биыл 130 мың тоннасын пайдаландық. Енді бұл межені өсіріп, минералды тыңайтқыштардың көлемін 200 мың тоннаға дейін жеткізуге тиіспіз. Сондай-ақ, техникамызды жаңартсақ, бұл салада алға басамыз.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылды жерде халықтың әл-ауқатын жақсарту жергілікті шаруалардың міндеті екенін атап өтті. Өз жұмысшысына жағдай жасайтын кәсіпкер, мемлекеттік қолдауға да ие бола алады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Жолдауында Президент тағы бір жаңа бастаманы жария етті. Ауылды жерде кәсіпкердің қаражатына салынған үй бағасының тең жартысын мемлекет қайтарады. Егер 10 млн теңгеге баспана тұрғызсаңыз, 50 процентін Үкімет сізге қайтарып береді. Тұрғызылған үйді ауылыңыздың кез келген азаматына бере аласыз. Ол баспана сіздікі болады. Қорықпай, жергілікті тұрғындарға жағдай жасау қажет.

Үстіміздегі жылы Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Астық-Привольный» серіктестігі 6 жарым мың гектарға дәнді және майлы дақылдардың тұқымын сіңірді. Биыл егінге орақ ерте түскендіктен, бүгінде астықтың 74 пайызы орылды. Кәсіпорын басшысы, сүтті мал шаруашылығын
қолға алуды да жоспарлап отыр. Привольный ауылында осыған орай жаңа сүт фермасы салынып жатыр. Өңір басшысы нысанның құрылыс алаңында да болды.

– в этом году мы закончим?
– Мы планируем основное сделать в этом году. Оборудование будем устанавливать зимой.

Сүт фермасы заманауи талаптар бойынша салынып жатыр. Ол 600 ірі қараға шақталмақ. Жалпы, жобаға құйылған инвестиция көлемі 1 жарым млрд теңгеден асады. Жоспар бойынша ферма 2021 жылдың сәуір айында қолданысқа беріледі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Жылына осындай 15-20 кешен тұрғызуымыз қажет. Нәтижесінде 5 жылдың ішінде облысымыз 800 мың тонна сүт өндірмек. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Салық көлемі ұлғаяды.

Айта кетейік, бүгінде облыста 80 сүт фермасы бар. Оның 18-і заманауи талаптарға сай тұрғызылған. Оған қоса, биыл өңірде тағы 10 су жаңа сүт фермасының құрылысы жүргізілуде.