Білім

Биыл “Kozybayev University”-ге мыңнан астам грант бөлінді

Биыл Kozybayev университетіне мыңнан астам грант бөлінді. Оның 150-дейі магистрантура мен докторантура мамандықтарына берілген. Ал қалғанына  білім ордасының табалдырығын биыл аттаған студенттер ие болыпты. Үстіміздегі жылы «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қанша жас қабылданды? Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Мектеп қабырғасында 11 жыл білім алған түлектер маусым айында негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Сынақта біреуінің бағы жанса, кейбірі сүрінді. Сөйтіп, тамыз да келіп жетті. Бұл уақытта қыз-жігіттер мақсат еткен жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырды. Мәселен, жергілікті университетке 2200-ден астам жас өтініш білдіріпті.

Алмас Кенжегалин – Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Құжаттардың барлығы өңделген соң бакалаврда 919 адам грант алды. Оның 25-і – жергілікті атқару органдарының гранты. Тағы, 12 адам – докторантура, 136-сы магистратура мамандықтары бойынша грант алды. Айта кетейік, карантин шараларына байланысты магистратураға құжат қабылдау әлі де жүргізіліп жатыр.

Өзбекстан, Ресей, Моңғолия мен Қытай. Биыл бұл елдерден Петропавлға арман қуып 70 студент келіпті. Жастардың барлығы грант иеленген. Ал «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 адам қабылданды. Олар да тегін білім алмақ. Қыз-жігіттердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, техникалық мен педагог мамандықтарын таңдаған екен. Бұл факультеттерге 500-дей грант бөлініпті.

Алмас Кенжегалин – Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– «Ұстаз мәртебесі» заңы қабылданғалы бері оқытушы болуға қызығатындардың саны артты. Ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар елімізде сұранысқа ие. Атап кетерлігі, жетім балалар мен мүгедек санатына жататын жандардың барлығына грант берілді.

Биыл оқу ақысы өзгермеді. Студенттер мамандықтарына қарай жылына 370 пен 420 мыңның аралығында ақша төлейді. Жалпы, жергілікті университет қабырғасында 7 мыңнан астам адам білім алады.

Маржан Касымбек