Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл өңірде 270 ауыл жаңа кейіпке енеді

Ғабит Мүсірепов ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірнеше ауылды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен де танысты. Сөз барысында өңір жетекшісі биыл өлкемізде 270 елді мекен жаңа кейіпке енетінін мәлім етті. Оң өзгерістер жайлы әріптесім әңгімелесін.

Биыл Ғабит Мүсірепов ауданындағы 9 мектеп жөнделді. Бұл мақсатқа 650 млн теңге жұмсалды. Жаңарған білім ордаларының бірі Нежинка ауылында орналасқан. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті тұрғындармен тілдесіп, қал-жағдайларын сұрастырды. Өз кезегінде ауылдықтар елді мекенде әлеуметтік салаға аса мән беріліп отырғанын жеткізді. Мектепті аралаған өңір жетекшісі білім ордасында атқарылған жұмысты бағамдады. Нежинкадағы оқу ошағы «Еңбек» бағдарламасы аясында 141,6 млн теңгеге жөнделді. Привольный ауылында да мектеп қалыпқа келтірілді. Қазір «Астық-Привольный» серіктестігінің есебінен стадион тұрғызылуда. Мұндағы арнайы спорттық тренажерлар мен шағын футбол алаңы ауылдықтардың сүйікті демалыс орнына айналған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Биыл облысымыздағы 270 елді мекенде әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келер жылы бұл іс жалғасады. Бұрын ауылдықтар үйге суды тарта алмайтын. Енді әр тұрғын баспанасына су кіргізе алады.

Привольный тұрғындарымен тілдескен облыс әкімі жергілікті балаларға доптар тарту етті. Өңір жетекшісінің айтуынша, елді мекендерді дамыту қажет. Оның бірден-бір себебі, чемпиондардың дені ауылдан шығады. Айта кету керек, «Астық-Привольный» серіктестігінің басшысы биыл саябақтың құрылысын бастады. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға елді мекенде 42 шам орнатылды. Сондай-ақ, ауылішілік жолдардың 4 шақырымы жөнделді.
Ауданда Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан қоныс аударатын отбасыларға 53 үй салу үшін ел қазынасынан 373,8 млн теңге бөлінді. Аумағы 81 шаршы метрден асатын баспаналар «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатыр. Былтыр облыс ауылдарында 428 баспана бой көтеріп, өңірге 2,2 мың адам қоныс аударды. Биыл 788 үй салынбақ. Келер жылға да жоспар ауқымды. «Еңбек» бағдарламасы аясында аудан орталығында мәдениет үйі жөнделді. Нысанның сырт келбеті өзгертіліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.

НАТАЛЬЯ СИНДЯКИНА – АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Қазіргі уақытта спорттық тренажерларға тапсырыс бердік. Жуық арада олар бізге жеткізіледі, бірден орнатамыз. Онда үйірмелердегі балаларын күтіп отырған ата-аналар да спортпен айналыса алады. Бұл жаңа зал тұрғындар үшін ашық тұрады.

Ғимаратты аралаған облыс әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Сондай-ақ, өңір жетекшісі ауылдықтардың өнерін ашып, облысқа және республикаға таныту үшін жұмыстар жүргізу қажеттігін алға тартты. Хореография үйірмесінде халық билерімен қатар, заманауи бағытта билейтін жастарды да тәрбиелеу керек деді. 2020 жылы аудан орталығын абаттандыруға қомақты қаражат жұмсалды. Новоишим елді мекенінің гүлзарында жаңа шағын архитектуралық фигуралар орнатылып, Жеңіс саябағында Даңқ аллеясы ашылды. Жалпы бұл мақсатқа 18,6 млн теңге бөлінді. Кейін облыс әкімі өнер мектебінде болды. Биыл нысан 27 млн теңгеге жөнделді. Бүгінде қосымша білім беру ордасына 1336 тәрбиеленуші барады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Қосымша білім беру орталықтарының аудандарда болғаны жақсы. Себебі, балалар оқудан бөлек, өнер әлемін де тануы қажет. Ауылды жерде, аудан орталықтарында мұндай мектептер болса, сол аумақ дамиды.

Өнер мектебі 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар – музыкалық, көркем-эстетикалық және техникалық бағыттар.

Облыс әкімі балалардың өнерін тамашалап, мектеп педагогтарымен тілдесті. Кейін аудан жетекшісі Ағзам Тастеміров 8 айдың ішінде атқарылған жұмыс жайлы өңір басшысына баяндама жасады. Биыл Новоишим елді мекенінде 119 млн теңгеге жабық хоккей кортының құрылысы басталған. 8 ауылда су құбыры жөнделсе, аудан орталығында 128 үй орталықтандырылған су желісіне қосылды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Новоишимка ауылында ұзындығы 45 шақырым жол жөнделді. Елбасымыздың және ҚР Президентіміздің тапсырмаларына сай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Аудан әкімдері жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын қалыпқа келтіріп тапсырады. Барлығы жіті тексеріліп, бюджеттен қаражат бөлінеді.

Құмар Ақсақалов аудан орталығында жөнделген жолдарды көріп, мониторингілік топтарға атқарылған жұмыстың сапасын қадағалап отыруды тапсырды.