МТРА жаңалықтары

Биыл қала көшелеріндегі 3 мыңнан астам шам ауыстырылады

Биыл Петропавл көшелеріндегі 3 мыңнан астам жарықшам жаңасына ауыстырылады. Бүгінге дейін істің 70 пайызы тындырылыпты.

Бөкетов көшесіндегі бағаналар осыдан 35 жыл бұрын орнатылыпты. Бүгінде олар да, олардың ұшар басына бекітілген шамдар да ескірген. Сол себепті, айналаға жарық беретін құралдар жаңасына ауысытырылуда. Істі «Sab barakat» серіктестігінің мамандары атқаруда.

Жұмыс қызу. Мамандар ең алдымен жерге арнайы темір орнатып, ішіне цемент құяды. Ол қатқан соң, үстіне басында шамы бар бағананың өзі қойылады.

Максим Алешко – «Sab barakat» ЖШС шебері:

– Шаруа ойдағыдай тындырылып жатыр. Жұмысқа 5 маман мен 2 арнайы техника жұмылдырылды. Алдағы күндері Бөкетов көшесіндегі 67 бағананы жаңасына ауыстырамыз.

Енді шамдардың ерекшелігіне тоқталып өтсек. Құрылғы айналаға молынан жарық береді. Оның үстіне электр энергиясын екі есе үнемдейді екен.

–  Оңды. Күшті. Мамандарға рахмет. Бәрі өзгеріп жатыр. Асфальт төсеуде.

– Қаланың іші жарық.

Биыл Бөкетовтен бөлек, қала тағы 15 көшеде орналасқан 3 мыңдай шам ауыстырылмақ. Жауапты іс шілденің 7-і күні бастау алған екен. Бүгінде шаруаның 70 пайызы тындырылыпты.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Потанин, Малышев, Театральный, Пушкин, Индустриальный, Әуезов көшелері мен Береке ықшам ауданындағы ескі шамдар жаңасына ауыстырылады.

Қараңғы уақытта қаланың ішіне жарық беріп қана қоймай, көркін келтіретін шамдар қыркүйектің 15-іне дейін толығымен орнатылмақ.

Маржан Қасымбек