МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері Президент Жолдауын талқылады

Президент Жолдауындағы бастамалар  бүгін қалалық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Шаһардың белсенді азаматтары мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің құзыреттерін арттыру, меншік иелерінің бірлестігін құру сынды реформаларға қатысты қолдау білдірді.

Орталық көшелерді жыл сайын жаңа асфальтпен көмкеру, сәні мен салтанаты жарасқан имидждік форум-жиындарға ақша шашу қысқарсын. Бюджет қаржысы қараша халықтың шынайы қажеттілігіне жұмсалуы тиіс. Президенттің бұл пәрменін жергілікті қоғам белсенділері қуана қабылдады. Бұл түсінкті де, өйткені қазынаға түскен қаражатты бөлерде олардың ескерту-ұсыныстарына әкімдік көп құлақ аса қоймайтын көрінеді.

Арман Бердағұлов – қалалық мәслихаттың хатшысы:

– Мәслихаттар, өкілді орган ретінде, өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ, көп жағдайда олардың пікрі ескерусіз қалады. Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беру туралы хабар депутаттарды қуантты.

Қысқасы енді халық қалаулыларымен санасу керек болады. Депутаттармен ғана емес, жер-жердегі белсенді азаматтармен де. Жолдаудың оң тұстарын жіпке тізу үшін жиылған қалалық қоғамдық кеңестің отырысында бұл ұйымдар құзыретінің артатыны ауыздан түспеді. Мемлекеттік сатып алулар осы кеңестердің бақылауында болмақ, ал мүшелікке енді мүмкіндігі шектеулі жандар қабылданып, олардың да пікірлері ескеріледі. КСК-ларды меншік иелерінің бірлестігімен алмастыру саясаты да талқысыз қалмады. Жолдауда бұл тақырып та қаузалған еді. “Бір үй-бір бірлестік-бір шот” концепциясының арқасында қатардағы тұрғындар өзі тұратын баспананы басқару құқығына ие болмақ.

Сергей Худяков – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Менің ойымша, меншік иелерінің бірлестіктеріне тұрғын үйлер мен аулаларды жөндеу, оларға қызмет көрсету формасы ретінде ғана қарамау керек. Бұл – басқару мектебі, тұрғындар арасында диалог орнатып, ортақ қаражатты қажетті бағытта жұмсай білуге үйрететін бастама. Егер азаматтар өздері тұратын баспананың бюджетін дұрыс жоспарлай алмаса, оларды ел, облыс, қала қазынасын жоспарлауға қатыстырғаннан не пайда?

Отырыста әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға жалдамалы пәтер ақысын субсидиялау, тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы бастамалар да талқыланды. Ал өмірін медицинаға арнаған Бейбіт Мұстафинаны экстракорпаралды ұрықтандыру квоталарының артуы мен дәрігерлерге көрсетілетін қаржылау қолдаудың өсуі қуантқан. Сондықтан, отырыста мұндай келелі жолдау үшін Президентке алғысын жаудырғандар аз болмады.

Саят Ермек