Денсаулық сақтау

Қ.Тоқаев: Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе

Президент жолдауының 6-шы бөлімі денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған. Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, мемлекет басшысы  елдегі отбасылық-демографиялық ахуалға да тоқталып өтті. Келесі жылдан бастап экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлі­нетін квота саны  7 есеге артпақ. Аталған мақсатқа қаржы “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру” жүйесінің есебінен бағытталады. Бұған кімдер қол жеткізе алады?

Жолдауда мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне қосымша төлем жасау үшін 150 млрд теңге бөлуді тапсырды. Қаржы ақ халатты абзал жандарға екінші жартыжылдықта берілмек. Осы орайда айта кетейік, 2023 жылға қарай дәрігерлердің табысы орташа жалақыдан 2 есеге көр болмақ. Салаға қатысты инфрақұрылым да назардан тыс қалмады. 2020-ның соңына дейін өңірлерде 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекендер фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық түрлерін иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отыр. Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Тағы, Президент министрлер кабинетіне келесі жылдан «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды жүктеді. Оның аясында экстракорпоралды ұрықтандыру жобалары бойынша бөлінетін квота саны 7 есеге көбейіп, 7 мыңға дейін жетеді. Айта кеткен жөн, бұл бағытқа “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру” пакеті шеңберінде қаржы бөлінеді. Яғни, квотаға тек сақтандырылған азаматтар ғана үміт арта алады.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Биылғы жылы СҚО-да 28 отбасыға квота бөлініп отыр. Бұл квота келесі жылы 7 есеге өседі. Өңір тұрғындарына айта кететініміз, квотаны тек “МӘМС” жүйесінде сақтандырылған жандар ғана ала алады. Сондай-ақ, сақтандырылған азматтарға жоғары сапалы көмек көрсетіледі.

Сөз соңында айта кетейік, бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтардың 90 пайызы сақтандырылыпты.